24 қаңтар күні жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес аудан әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есептік кездесуі Қаракөл ауылдық округінде жалғасты.

Саяси маңызды науқан болып саналатын жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы уақытта жүзеге аспақ шаруалар ауыл халқымен бірлесе талқыланды.

Жиынның күн тәртібімен таныстырған округ әкімі Нұржан Сахипов есепті кезеңде округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді.
– Округ бойынша 40 шағын кәсіпкерлік субъектілері бар. Округіміздің негізгі экономикалық бағыты мал шаруашылығы. Округте жыл басындағы есеп бойынша 2562 бас ірі қара, 4222 бас қой-ешкі, 405 бас жылқы және 4 түйе бар. 
Ағымдағы жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негізінде оқыту бойынша нәтижесіз жұмыспен қамтылған 9 азамат несие алуға ниет білдіріп, 4 жеке тұлға білімін жетілдіруден өтті. 
13 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткізіліп, 12-сі жұмысқа орналастырылса, шаруа қожалықтарына 9 адам заңдастырылып, «Жастар практикасы» бойынша 4 жас маман тәжірибеден өткізілді.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 9 отбасынан құжаттар қабылданып, 9 отбасындағы 43 адамға 1376,6 мың теңге қаржы тағайындалды. Шартты біржолғы ақшалай көмек алған 2 отбасы 3 бас ірі қара және 5 бас ешкі малын сатып алды.
Бейресми жұмыспен қамтылған азаматтармен жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп 141 адамның мәртебелері өзектендіріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілді, - деген Нұржан Хамидоллаұлы округтегі әлеуметтік ахуалға да тоқталды. 
Округ әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның барлық саласы бойынша жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды. 
– Ауданда 13 орта, 5 негізгі және 1 бастауыш, барлығы 19 мектепте 2368 оқушы білім алуда. Оларда 485 мұғалім оқушыларға білім беріп келеді. Оның ішінде 367 жоғары білімді, 118 арнаулы орта білімді педагог қызметкерлер. Еңбек біліктіліктері бойынша жоғары санатты 68 мұғалім, І санатты 189 мұғалім және ІІ санатты 114 мұғалімді құрап отыр.
25 мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 667 бала тәрбиеленуде, 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 100% құрады. 2018-2019 оқу жылында 3 қосымша білім беру ұйымымен 92 үйірмеде 1437 оқушы қамтылған. 
19 білім беру нысанында 1-4 сынып оқушыларын (982 оқушы) және 5-11 сыныптағы аз қамтылған отбасы балаларын (734 оқушы) бір мезгіл ыстық тамақпен қамту жолға қойылған. Есептік кезеңге 1716 оқушы ыстық тамақпен қамтылуда, ол барлық оқушының 72,7% құрайды, -деді білім беру саласы жөнінде аудан басшысы Жанат Асылханұлы. 
Есептік кездесуде сөз сөйлеген ауыл тұрғыны Рысбай Боранбаев ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметтік көлігінің жағдайы сын көтермейтіндігін айта келе, жаңа көлік берілсе деген өтінішін жеткізді. Сонымен қатар, аталмыш ауылдың мектеп директоры Самал Жумина ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш алаңын күрделі жөндеуден өткізу жұмысын айтып, оған қаражат бөлінсе деген өтінішін жеткізді. 
Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан, ауылдық округ әкімдерінің жыл бойы атқарылған жұмысына ризашылығын білдіріп, оң баға берді.