Аудан әкімі мен округ әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептік жиыны Жусандыой ауылдық округінде жалғасын тапты. 


2019 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сай 1156 тұрғыны бар ауылдық округ бүгінде шаруасын дөңгелетіп, ауызбіршілікте өмір сүруде. Ханкөл ауылының қарттарының ұйымдастыруымен мектеп асханасын қайта салғандығы әлі де көптің аузында. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ел азаматтары ауылға көмегін тигізуде. Ауылдық округте былтыры жылы аталмыш бағдарлама бойынша 5 меценаттық жоба жүзеге асты. Берекесі мен бірлігі кетпеген округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да бірқалыпты. 

– «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін бөлінген мемлекеттік 1,5 млн. теңге көлемінде грантты жеке кәсіпкер, «Kazecoproduct» ЖШС-нің жетекшісі Елдос Имамәліков биогумус жобасы бойынша ұтып алып, бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмыстануда. Сол сияқты «West tekstil product» ЖШС-нің жетекшісі, жеке кәсіпкер Эльдар Иманмәліков 1 000 000 теңгеге жүн түтетін аппарат сатып алып, округ аумағында жүн өңдеу, көрпе өндірісін жүргізумен айналысуда, - деді округ әкімі Талап Айтмұхамбетұлы.

Есеп беру жиынында аудан әкімі Жанат Асантаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып:
– Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қаратөбе аудандық орталық аурухана» МКК құрамына кеңесші-диагностикалық бөлімше, 1 отбасылық денсаулық орталығы,5 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшер-акушерлік пункт, 9 медициналық пункт, 45 кереуетті тәуліктік стационар және 61 кереуетті күндізгі стационар қызмет көрсетеді. Есептік кезеңде 241 сәби дүниеге келіп, туу көрсеткіші 15,4 болды. Өлім-жітім 5,6 көрсеткішімен 87 адамды құраса, табиғи өсім 9,8 деңгейіне жетті, - деп халық денаулығының маңыздылығына тоқталды.

Жусандыой ауылдық округіндегі есеп беру жиынында Ханкөл аулының тұрғындары Ғабдрахман Бисеғұлов, Зайзағат Бөлеғали, аудандық мәслихат депутаты Ирина Классен сөз сөйлеп, округте атқарылан жұмыстара оң баға берді.
Жиында ауыл тұрғындары Жусандыой ауылдық округіне «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су жеткізілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетіндігін жеткізді.

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, тапсыру мәселесі бойынша аудан тұрғындары өз пікірлерін білдіріп, көкейіндегі сұрақтарын қойды. Тұрғындар сауалына аудан әкімі Ж.Асылханұлы мен тиісті бөлім басшысы жауап беріп, түсінік жұмысын берді.

Ауылдық округ әкімі Талап Қазиевтің айтуы бойынша, өткен жалпы халық жиындарында қойылған мәселелердің шешілуіне баса назар аударылып, арнайы іс шаралар жасақталып, бақылауға алынған. Осы бағытта есепті мерзім ішінде ауыл тазалығына көңіл бөлініп, тазалық айлығы өткізіліп, елді мекендерді көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, күтіп баптау бағытында біркелкі жұмыстар атқарылған. Есепті мерзім ішінде округ бойынша «санитарлық-экологиялық» айлық аясында 35 тонна әртүрлі тұрмыстық қалдықтар тасымалданған.