23 қаңтар күні Сулыкөл ауылдық округінде аудан әкімі Жанат Асантаев пен ауылдық округ әкімі Берікқали Мусаның тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Р.Иманғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сүйеуғалиев, тиісті бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Сулыкөл округі бойынша 4 елді мекенде 469 отбасы, онда 2139 адамдар тұрады. Биылғы жылы дүниеге келген сәбилер саны 32 бала болса, дүниеден өткендер саны 14 адам болып халықтың табиғи өсімі 18 адамды құрады. 

Округ әкімі Берікқали Жақсылықұлының айтуынша, өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты – жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту: газбен жылыту қазандығының операторы, аспазшы, жөндеуші мамандықтары бойынша барлығы 6 адам оқуға жіберілген. Осы азаматтардың 3-еуі тұрақты жұмысқа орналастырылған.

– Жыл басында нәтижесіз жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 395 адам болатын болса, одан 45 адам тұрақты және маусымдық жұмыстарға орналасты, 60 адам вахталық әдіспен басқа өңірлерде жұмыс жасауда, 12 адам шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерде еңбек етсе, 90 адам қоныс аударып, жеке кәсіпкерлерде, жеке адамдарда бейресми түрде жұмыс жасауда. Қазіргі таңда округ бойынша 144 адам нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар есебінде тұр, - дейді округ әкімі Б.Муса.
Жиынның күн тәртібіне сай ауыл тұрғындары алдында есеп берген аудан әкімі Жанат Асылханұлы аудан бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндамасында: 

– Ауданымыз газбен 100% қамтылған. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша аудандағы 1929 аула көгілдір отынға қосылып пайдалануда.
Ағымдағы жылы әлеуметтік нысандарды газдандыру жобасы аяқталып, қазіргі таңда аудан бойынша әлеуметтік нысандардың барлығы 100% көгілдір отын жүйесіне қосылған. 

Қаратөбе ауданы аумағында 41 км облыстық маңызы бар, 215,2 км аудандық маңыздағы жолдар бар. Соның ішінде қатқыл табанды – 41 шақырым, қиыршық тасты жабыны бар жолдар – 181 шақырымды құрайды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары аудандық коммуналдық меншікте. Былтырғы жылы Қаратөбе ауылының 11 көшесінің 9,2 шақырым құрайтын жолдарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып сараптамадан өткізілді. 
Қазіргі таңда ауданымыздың 22 елді мекенінің 13 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жалпы аудан халқының таза ауыз сумен қамтылуы 91,3% құрап отыр, - деді. 

Айта кету керек, 2018 жылы көптен бері шешімін таппай келе жатырған таза ауыз су мәселесі «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында өз шешімін тауып, Қаратөбе су қоры көзінен Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына сапалы ауыз су жеткізілген болатын.

Тұрғындармен кездесуде аудан әкімі былтырғы жылғы есептік кездесуде округ бойынша көтерілген бруцеллез ауруының белең алуы, ауыл жолына белгі орнату мәселелері оң шешімін тапқандығын айтты.

Жиын соңында аудан тұрғындары өз пікірлерін білдіріп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді.