22 қаңтар күні Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың 2018 жылы ауданда атқарылған жұмыстар туралы халық алдындағы есептік кездесуі ауданның оңтүстігіндегі Саралжын және Аққозы ауылдық округтерінде жалғасты.

Алдымен Жанат Асылханұлы Саралжын ауылдық округінде болып, округ әкімі Жасұлан Ермеғалиевтің өткен 2018 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдап, тұрғындар тарапынан айтылған өтініштерге баса назар аударды.

Аудан басшысы Жанат Асантаев ауданның жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, қоғамдық қауіпсіздікті қамту, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, білім беру, ветеринария және тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, алда атқарылатын жоспарлы жұмыстарға тоқталды.

– Өткен 2018 жыл аудан халқы үшін нәтижелі, табысты жыл болды. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, жобаланған жұмыстар орындалып, ауқымды істер жүзеге асырылды.

Ауданымыз негізінен мал шаруашылығына бағытталған. Сондықтан аудан шаруашылықтары мал басын өсіру, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына үлкен мән беріп келеді. Жыл қорытындысына сай аудандағы мүйізді ірі қара 29936 басты, қой мен ешкі 62869 басты, жылқы – 7128 басты, түйе – 10 басты, құс – 9884 басты құрады. Алынған төлден бұзау 11304 бас, қозы-лақ – 38293 бас, құлыншақ 2243 бас болып орындалды.

Былтырғы жылы аудан шаруашылықтары алғаш рет шет елге ет экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Орал қаласындағы «Кублей» ет өңдеу кәсіпорнымен аудан шаруашылықтарының тапсырған ет өнімдерін шет елге экспорттау мақсатында жасалған екі жақты меморандум шеңберінде аудан шаруашылықтары 1173 бас қой, 358 бас ірі қара малын тапсырды. «Қоржын» шаруа қожалығының мал сою пункті арқылы Ресейдің Тольятти қаласына 10 тонна қой еті экспортталды. Жалпы, былтырғы жылы аудан бойынша 10 тонна қой етін, 50 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланса, ол сәйкесінше 25 тонна және 59 тонна болып асыра орындалды. 
Аудан бойынша 10 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тіркеліп, жұмыс жасауда. Құрамына 2602 мал басымен 423 жеке тұлға кіреді. Кооператив жұмыстарының басым бағыты – ірі қара малын тұқымдық түрлендіру,-деді аудан басшы есепті баяндамасында. 

Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиев есепті баядамасында округтегі ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамту тағы да басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстарды қамтыды. Сонымен қатар халықты ауыз сумен қамту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауылды газдандыру бағытында атқарылған жұмыстар турасында есеп берді. 

– Ауыл тұрғыны «Ғайса» жеке кәсіпкер жетекшісі Арман Тастаев жеке қаражатына ауыл орталығынан «Аңсар» тойханасымен дүкен құрылысын толықтай аяқтап, халық иелігіне қызмет көрсетуде. Бернияз, Таласқұдық қыстақтарында «Аманбол», «Қырықсадақ» шаруа қожалықтары мал тұратын баз жабық қоралар құрлыстарын жүргізді.

Ауылды газдандыру бойынша мердігер «Батыс Рем Строй Проект» ЖШС- гі ауыл ішілік ұзындығы 16248 м газ құбырын тартты. Округ бойынша 2014 жылдан бері барлығы 160 үй табиғи газды пайдалануда. Қарақамыс ауылы бойынша 128 үй (52,0 %) және Сәуле елді мекені бойынша 32 үйг (63,0 %) табиғи газ құбырына қосылып пайдаланып отыр. 

Өткен жылы жалпы табиғи газды пайдалануға 17 жанұя ниет білдіріп, толықтай табиғи газге қосылды. 

Қазіргі таңда Қарақамыс ауылындағы ауыз сумен қамту нысандары толық жөнделіп, орнына 1 фазалық шағын су сорғыш құрал салынып, тереңдігі 22 метрлік 2-ші құдық қуаты сағатына 4 тонналық су сорғыш насос екеуі толық қуатында қатар жұмыс жасап тұр. Тұрғындардың күнделікті суға деген сұранысын толық қанағаттандыруда. Көшедегі қоғамдық су алатын 3 су тарату құдықтары арқылы 35 отбасына су беріліп ауыл тұрғындарының қажеттілігі толық қанағаттандырылып тұр. Сонымен қатар үйлеріне тартып алған 107 үй есепте тұр. Жеті мекеме есептегіш арқылы пайдаланып отыр. Алдағы уақытта округтегі Сәуле ауылын таза ауыз сумен қамту мәселесі тұр, - дейді округ әкімі Жасұлан Ермеғалиев.

Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ директорның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толқын Ашықова аудан, ауыл әкімдерінің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына оң баға беріп, ең басты мәселе халықтың денсаулығын сақтау жұмысына қатысты ауылдық дәрігерлік амбуллаторияға жаңа жедел жәрдем автокөлігі ауадай қажет екендігін тілге тиек етті.

Аудан басшысы Ж.Асантаев бұл ұсыныстың алдағы уақытта шешілетіндігін айтты.