21 қаңтар күні түс ауа аудан әкімі Жанат Асантаев бастаған топ Қоскөл ауылдық округінің халқымен жүздесті. Аудан және ауылдық округ әкімдерінің есептік кездесуіне ауыл халқы біраз жиналыпты.

Округ халқының алдында өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп берген аудан басшысы Жанат Асантаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды.

– Өткен 2018 жылды қорытындылай келе, аяқталған жыл аудан халқы үшін нәтижелі, табысты жыл болғаны көрінеді. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, жобаланған жұмыстар орындалып, ауқымды істер жүзеге асырылды.

Ауданда мал басын асылдандыру, тұқымдық түрлендіруге үлкен көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауданымызда ірі қара малын өсіруші 14 шаруашылықта 3212 асыл тұқымды ірі қара, 2 шаруашылықта 98 бас асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылықта 1354 бас асыл тұқымды қой малы бағылуда. Оның 8-і – репродуктор шаруашылықтар. 

Былтыр аудан шаруашылықтары 131 бас асыл тұқымды бұқа, 248 бас асыл тұқымды ірі қара аналығы, 117 бас асыл тұқымды қошқар, 24 бас асыл тұқымды жылқы сатып алды, - деді Жанат Асылханұлы баяндамасында. 

Қоскөл ауылдық округінің негізгі шаруашылық бағыттарының бірі мал шаруашылығы саласы болып табылады. Былтырғы жылдың есебі бойынша ірі қара мал саны 2920, жылқы саны 255, қой-ешкі саны 7013, құс 2967 басты құрап, 2017 жылмен салыстырғанда ірі қарамен жылқы малы санының өсімі байқалады. 

– Мал басын асылдандыру бағытында ауылшаруашылық корпоративтерін құру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, округте мал шаруашылығы бағытында Қоскөл ауылында 2, Шалғын ауылыда 1 ауыл шаруашылық өндірістік копоративтері жұмыс жасауда.

Округте 2018 жылғы ет экспорттау тапсырмасына сай 38 бас мүйізді ірі қара тапсыру жоспарланса, орындалғаны - 57 бас, 150 пайыз орындалды. Қой етін экспорттауға берілген жоспар 60 бас өткізу болса, 205 бас қой тапсырылып, 341,7 пайызға орындалды, - дейді Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қанат Мұқанов.

Округте тіркелген 23 шаруа қожалығы, 3 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі және 14 шағын кәсіпкер жұмыс жасауда. Халыққа қызмет көрсету бағытында 8 дүкен, 2 тойхана қызмет көрсетуде. 

Қоскөл ауылдық округі халқымен өткен есептік кездесуде сөз сөйлеген ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Серік Нығыметов аудандағы медицина қызметкерлерінің атқарған жұмысы туралы сауал қойып және ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметтік көлігінің жағдайы сын көтермейтіндігін айта келе, жаңа көлік берілсе деген өтінішін жеткізді.

Қойылған сауалдарға жауап берген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Венера Елеусінова қазіргі тағда аудандық ауруханада атқарылып жатырған жұмыстарға тоқтала келе, соңғы жылдары ана мен бала өлімінің, тұрғындар арасындағы өлім-жітімнің азайғандығын баяндады. 

Жиын соңында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Әзербай Кенжеғалиев аудан, ауылдық округ әкімдерінің жыл бойғы атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, жоғары баға берді.