Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың 2018 жылы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша есебі қаңтар айының 22-сі күні түстен кейін Аққозы ауылдық округінде жалғасты.

Былтырғы жылы Аққозы ауылдық округінде бірқатар шаруалар жүзеге асқан. Аққозы ауылдық округінің әкімі Қоныс Мұқанов округте салалар бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, өткен жылғы есепті кезеңде ауыл халқы тарапынан қойылған өтініштердің орындалуы туралы баяндады.

– Өткен жылғы есепті кездесудегі ауыл тұрғындарының өтініші ұялы байланыс желісін тарту болатын, осыған сай ауылдық округі әкімі аппаратына сигнал күшейткіш орнатуды жоспарлап отырмыз. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жанғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында жерлес кәсіпкерлермен бірлесе отырып 5 жобаны жүзеге асырдық.

Әлеуметтік сала бойынша жастар практикасына 2 адам, қысқа мерзімді оқуға – 2 адам, қоғамдық жұмысқа 26 адам тартылып, оларға 2 млн. 81 мың теңге еңбек ақы төленді. Жаңа форматтағы АӘК 18 отбасы (88 адамға) тағайындалып, бір жолғы 1 948630 теңге қаражат мал алу үшін берілсе, ай сайын 1 165092 теңге қаржы берілді. Нәтижесінде 8 отбасы 10 бас ірі қара, 13 бас қой-ешкі малын сатып алды. 

«Аққозы» ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру кооперативінің мүшелігіндегі 61 отбасында 546 мал басы бар, соның ішінде аналығы 250 бас және 10 бас асыл тұқымды бұқа бар. Сондай-ақ биыл қой қырқу пунктінде 3600 бас қой қырқылды. 2 – маусымда жаңа жұмыс орындарына 10 астам тұрғын жұмысқа тартылды. 61 отбасының мал басына 7,5 тонна жем таратылды. Тұрмыстық қалдықтардан пластикалық материалдар пресстеліп, жиналуда, - деді Аққозы ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов.

Аққозы ауылдық округінің 2018 жылы атқарған жұмыстарын тыңдаған аудан басшысы Жанат Асантаев аудан салаларында атқарылған жұмыстармен қатар Елбасы Жолдаулары мен бағдарламалық мақалалары аясында ауданда тындырылған істерді баяндады.

- 2018 жыл ауданымыз үшін ерекше оқиғаларымен есте қаларлық жыл болды. Ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толды. Осы бір атаулы мереке аудан көлемінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен үндестікте аталып өтілді. Бұл мереке аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, ауданымыздан шыққан белді де белсенді азаматтардың басын қосқан меценаттар, жерлестер форумдары оздырылды.

«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өткен жылы меценаттардың демеушілігімен жоспарланған 40 жобаның барлығы және жобадан тыс қосымша 14 жоба іске асырылды. Жалпы, жыл басынан ауданда барлығы 54 жоба жүзеге асырылды. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаударында берілген халық өмірінің түрлі салаларын цифрландыру туралы тапсырмаларына сәйкес «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткен жылы Қаратөбе ауылында ашылған «Астана» саябағына күн сәулесінен қуат алатын, заманауи смартфондар мен электронды құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін әрі wifi желісін тарататын орындықтар қойылды. Сонымен бірге баламалы қуат көздерін пайдалану мақсатында аудан орталығы Қаратөбе ауылында С.Датұлы көшесінің бойына күн сәулесінен қуат алатын 32 дана, сонымен қатар жаңадан жасақталған Қ.Жұмалиев саябағына 18 дана, «Астана» саябағына 25 дана күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру шамдары орнатылды. Сонымен қатар маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округтерде халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курстары ұйымдастырылды. Аудан бойынша 284 адам қамтылып, курстан өтті. Бұл курстарда е-коммерция, «Ашық үкімет», «e-gov» электрондық үкімет порталы сияқты электронды порталдармен жұмыс істеу негіздеріне практикалық түрде үйретілді. Цифрландырудың тағы бір бағыты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде көрсету үлесін арттыру. Осы міндетті орындау үшін барлық ауылдық округтерде интернет байланысына қосылған «e-gov» электрондық үкімет порталына кіру үшін өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Осы арқылы елді мекендердегі тұрғындар қажетті анықтамаларын аудан орталығына келмей өз ауылынан осы бұрыштар арқылы алу мүмкіндігіне ие болды, - деді аудан басшысы Жанат Асантаев есепті баяндамасында. 

Есептік кездесуде сөз сөйлеген Аққозы ауылының тұрғыны Қайыршақ Жұмағалиев көгілдір отын кіргізудің қымбатшылығын және Жақсыбай өзенінен өтетін өтпе жолды реттеуді айтса, Кенжегүл Сұлтанғалиева тұрғын үйлер және спорт алаңдарын салу қажеттілігін алға тартты. Бесоба ауылының тұрғыны Бейбіт Есқалиев өткен жылы еспті кезеңде Бесоба ауылы бойынша күн тәртібіне қойылған үш мәселенің орындалғанын жеткізсе, Қалимұрат Сариев тұрғын үйлерге газ тарту бойынша түйіткілді мәселерді назарға салып, аудан және округ әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. 
Ауыл тұрғыны Боран Сисеновтың ауыл мектебіне спорт құралдарының жетіспейтіндігі турасындағы өтінішіне сала басшысы Б.Ғарапшиев жауап берді.
Есепті жиыннан соң аудан әкімі Жанат Асылханұлы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Ауыл тұрғындары тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу бойынша өтініштерін жеткізді.