Егіндікөл ауылдық округінде 253 отбасында 1193 адам бар. 725 тұрғын экономикалық белсенді, 140 адам бюджеттік сала қызметкерлері. Қалған тұрғындар халықтың түрлі санатына жатады.Кездесу барысында ауданның барлық саласы бойынша даму көрсеткішін саралап баяндама жасаған аудан әкімі Жанат Асантаев:
– Аудан бюджеті жыл басына 3 267 359,0 мың теңгемен бекітіліп, жыл ішінде 3 774 890,0 мың теңге болып нақтыланды. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі есептік кезеңде 3 771 331,7 мың теңгеге немесе 99,9% орындалды.

2018 жылдың 1 желтоқсанына аудан бойынша 661 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 609, жаңадан ашылғаны – 107. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінде 725 адам жұмыспен қамтылған,- деді.Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллиннің айтуынша округ бойынша 10 жеке кәсіпкер болса, оның 4-еуі азық-түлік тауарларын сатумен, 3 кәсіпкер жолаушы тасымалымен, 3 кәсіпкер түрлі саудамен айналысады.Округте 60 үй көгілдір отынмен қамтылған болса, үстіміздегі жылы 14 отбасы үйлерін табиғи отынға қосып, барлығы 74 үйге көгілдір отын кіргізіліп отыр.

Сондай-ақ, округ бойынша барлық мекемелер табиғи отынға қосылған. Аудан әкімі Жанат Асантаевтың есептік кездесуіне келген Егіндікөл ауылының тұрғындары бірнеше мәселені көтерді. Округтің ең өзекті мәселесі – ауыл халқының азаюы, тұрғындар арасында қалаға қоныс аударушылардың көптігі. Егіндікөл ауылында 40 тұрғын үй қаңырап бос қалған. Мектепте былтыр 148 оқушы оқыса, биылғы оқу жылын 134 оқушымен бастапты. Бұл дегенің ойландырар мәселе.Ауыл халқымен жүздесу барысында аудан басшысы Жанат Асылханұлы ауыл халқын тұрақтандыру бағытында жастарды кәсіп ашуға тарту, несие алып жұмыстануға шақыру, жұмыспен қамту шараларын жүзеге асырып, түрлі мамандықтар бойынша курстардан өту сынды жұмыстарға баса мән беру қажеттігіне тоқталды. Жиын барысында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Ертай Сердалин аудандық аурухана дәрігерлеріне қаралу үшін кезекке тұру мәселесін сынға алса, ауыл тұрғыны Ардақ Есенова ауыл орталығынан шағын базар салынса деген ұсынысымен қатар ауылдың көше шамдары түн мезгілінде белгілі уақытқа ғана жағылып қайта өшірілетіндігіне наразылығын жеткізді.Тұрғындар тілегін мұқият тыңдаған Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин қойылған сауалдарға тиісінше жауап берді.