11 қаңтар күні Қаратөбеде ұрпақтарға үлгі болып, ауданның білім саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Абай Мұхитов пен Клара Көбенқұлованың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Ұстаздықтың дара жолын салып кеткен, үлкен өмір жолына бағыт берген, келешегіне үміт артып, кемел күнге қарай жөн сілтеген бағдаршыға айналған аяулы ұстаздардың құрметіне арналған «Өнегелі өмір иесі» атты кездесу кешіне аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан, қос ұстаздың замандастары, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Абай Шыныбекұлы мен Клара Кенжегерейқызы өз еңбек жолдарын қарапайым мұғалім болып бастап, білім кеңістігінде қанаттарын кең жайды. Кейіннен мектеп директоры, аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған Абай Шыныбекұлының оқу-ағарту саласындағы ересен еңбегі де елеусіз қалған емес. Қызметте де, өмірде де жұптары жазылмаған жандар бүгінде зейнеттегі сүйікті ата-ана, қадірлі замандас, аяулы ата-әже.

Салтанатты шарада өнегелі өмір иелері өздерінің білім саласындағы елеулі еңбек жолдары, отбасы туралы сыр шертті. Сонымен қатар, шарада Абай Шыныбекұлымен қызметтес болған замандастары, аға буын өкілдері Орынғали Ермекқалиев пен Мақсот Ермеғали сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы қос тұлғаның ауданның білім саласындағы дара жолдарына тоқталып, аудан әкімінің құттықтау хаты мен сый-сыяпатын табыс етті. 

Кеш барысында аудан өнерпаздары сазды сәлемдерін жолдап, көрерменді әсем әнмен тербеді.