26 желтоқсан күні аудан әкімі Жанат Асантаев облыстық «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастырған «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жүлдегерлері мен жетекшісін қабылдады. 


Кездесуде аудан басшысы облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылған жобаның жүлдегерлері Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Мералы Ерлікұлын, Қаратөбе мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Саябек Қайырұлын, Аққозы ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Асылай Манарбекқызы мен Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Амандыққызына ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен жерлес ақын апаларымыз Айсұлу Қадірбаева мен Шолпан Қыдырниязованың кітаптарын сыйға тартты.


– Журналистика – қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін сала. Егер осы жолда еңбек етемін десеңдер, алдымен сапалы білім алуға ұмтылыңдар. «Жайық Пресс» ұжымы ұйымдастырған шара – сендерге арналған мүмкіндік. Қаламдарың мұқалмасын. Елдің сөзін, аға буынның еңбегін жырларыңа арқау етіңдер, - деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы өз сөзінде.


Қабылдауда Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Амандыққызы мен аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы Серікбай Жәлелұлы сөз сөйлеп, ұдайы қолдау көрсетіп жүрген аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, жас тілшілерге табыс тіледі. «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жүлдегері Саябек Қайырұлы үш күнге созылған облыстық фестивалден алған әсерімен бөлісіп, қаламынан туған өлеңін оқып берді.