21 желтоқсан күні  Қаратөбе ауданында қосымша білім беру ұйымдарына 100 жыл толуына орай «Талант. Шабыт. Талап» атты аудандық форум өтті.

Айшықты шараның ашылуында алдымен Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының, Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінің, Қаратөбе балалар саз мектебінің құрылғаннан бергі тарихынан сыр шертіп, жетістіктері мен басшылық қызмет атқарған тұлғалар туралы бейнекөрсетілім тамашаланды. 

Салтанатты шарада қосымша білім беру ұйымдарының ардагерлері мен педагогтарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Жанат Асантаев баланың білім алуымен қатар толыққанды тұлға болып қалыптасуына зор ықпалын тигізіп жүрген ұстаздарға алысын білдіріп, толайым табысқа жете берулеріне тілектестігін жеткізді.

Одан соң марапаттау рәсімін жүргізген аудан басшысы Жанат Асылханұлы облысымыздағы білім беру саласына және дарынды балалардың табысқа жетуіне үлесі үшін Еркебұлан Ғабдуллинге облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тірбиелеудегі жемісті еңбектері үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хатымен бірқатар сала мамандары марапатталды.
Мерекелік кешке қонақ ретінде арнайы шақырылған ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат көрсетілді.

Шара барысында Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ардагер-ұстазы Мәжит Нүрекешов сөз сөйлеп бастапқыда қосымша білім беру ұйымын ашып, жұмысын жүргізу оңай болмағанын тілге тиек етіп, сала педагогтарына шығармашылық табыс тіледі. 

Салтанатты шара барысында ауданымыздың абыройын асқақтатып облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлде алған қосымша білім беру ұйымдарының шәкірттері құрметпен сахна төріне шақырылып, жетістіктері аталды.

Кеш барысында Қаратөбе балалар саз мектебінің шәкірттері көрермендерге өнерлерін көрсетіп, ән мен күйден шашу шашты.