14 желтоқсан күні  Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиында баяндама жасаған аудан әкімі Жанат Асантаев  тәуелсіздік жылдарында ауданымызда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Аудан халқын ел егемендігінің 27 жылдығымен құттықтап, әр қызмет саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген түрлі сала мамандарын марапаттау рәсімін жүргізді. Тоқталар болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен зейнеткер Мұрат Әлжанов, БҚО әкімінің және БҚО мәслихаты хатшысының бірлескен БҚО «Құрмет» грамотасымен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашев, аудандық денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігері Аманша Төлеуов, «Қаратөбе-2020» ЖШС-нің директоры Батырғали Тойшыбаев, Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар сала мамандары БҚО әкімінің және аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевке БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің «Қазақстан Патриоты» мерейтойлық төсбелгісі табысталды. ҚР Ішкі істер министрлігінің «Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен Қаратөбе аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері марапатталды. Тәуелсіздік күні мерексі қарсаңындағы шарада ҚР-ның «Мемлекеттік қызмет туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы №416 Заңының 21-бабының 1-тармағына сәйкес және ҚР Президентінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №532 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік қызметшілерінің ант беру қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметшілердің ант қабылдау рәсімі жүргізілді.

Айтулы мерекеде Қаратөбе ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Ысқақов аудан көлемінде далалық жан оқиғаларына белсенді қатысқан азаматтарды арнайы алғыс хатпен марапаттады

Өз кезегінде сөз алған Тәуелсіздіктің төл құрдасы Дәулет Каримов аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, жас мемлекеттің құрдасы екендігін мақтанышпен жеткізді. Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының «Елімнің егемендігі – Тәуелсіздік» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты.