Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев мәлімдеді. Қаратөбеде  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүйелі түрде іске асуда.

Жақында ғана аудан орталығында ашылған «Астана» саябағында күн сәулесінен қуат алатын, смартфондарды қуаттауға мүмкіндік беретін әрі wifi желісі қосылған орындықтар қойылды. Маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округтерде цифрлық сауаттылықты арттыру үшін оқыту курстары ұйымдастырылды. Оған аудан бойынша 284 адам қатысқан.

Барлық ауылдық округте интернет байланысына қосылған «e-gov» электрондық үкімет порталына кіру үшін өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылды.

Білім саласын цифрландыру да күн тәрітібінен түскен емес. Биыл аудандағы 19 мектепке «BilimLand білім платформасы» қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Мұхит атындағы мектеп Kundelik.kz сайтына қосылса, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен гимназия мектебінде 2-10 сынып оқушыларына 3D модельдеу, программалау, инженерлік сызба, робототехника салалары бойынша білім беретін ІТ-сыныбы ашылды. Биыл аудан орталығындағы үш мектепке дейінгі білім беру ұйымында кезекке тұру, бала қабылдауды автоматтандыру жоспарда тұр.