8 қыркүйек күні Орал қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті алаңында  татар халқының ұлттық мейрамы «Сабантой» кең көлемде аталып өтілді. 

 

«Сабантой» татар тілінде «жер өңдеу тойы» деген ұғымды білдіреді. Көктемгі егіс науқанынан кейін аталмыш мерекені тойлау арқылы халық егін бітік шығып, жиын-терім мол болса екен деген тілек білдірген. «Сабантой – 2018» республикалық мерекесі аясында «Корэш» белдік күресі бойынша Қазақстан Республикасы абсолютті чемпионатына Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан 15 балуан бақ сынасты. Алыптар айқасының нәтижесінде қостанайлық Талғат Жиентаев қарсылас шыдатпай, боз кілемде атой салып бас жүлдеге тігілген  автокөлікті  жеңіп алды.           

Содан соң қала қонақтары мен меймандар Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының этноауылына барып, татар халқының ұлттық тағамдары және салт-дәстүрімен танысып, сазды әуенге толы өнерлерін тамашалап, көрмелерін аралады. Мерекелік думан барысында облысымыздың 12 ауданы киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетті.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ықылым заманнан арқауы үзілген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп нақты атап өткен болатын. «Дәстүр» мейрамында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зейнуллин қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы  мерекемен құттықтап, шараның мақсатына тоқталып, ата-бабамыздан қалған игі дәстүрімізді жастардың санасына сіңіру, насихаттау – басты парызымыз екендігін айтып өтті.

             

Аталмыш шара барасында Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миниханов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Қаратөбе ауданының киіз үйіне аялдап, көнеден келе жатқан дәстүріміз тұсау кезу  рәсімін жасады. Абдурахман есімді қаратөбелік бөбектің тұсауын кескен Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миниханов бүлдіршінге ақ жол тілеп, сыйлық жасады. Әжелеріміз тәттілерден шашу шашты. Шарада республикалық батагөй қариялар байқауының жеңімпазы, қаратөбелік ақсақал Ертай Сердалин тәй-тәй басқан сәбиге ақ батасын арнаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев тұсауын кескен Рустам Минихановқа қазақтың қара домбырасын сыйға тартты

Алаңға жиналған көпшілік Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестерінің сүйемелдеуімен облыс және аудандардан келген көркемөнерпаздардың ұсынған концерттік бағдарламасын тамашалады.