3 тамыз күні облыс басшысы Алтай Көлгінов Қаратөбе ауданына арнайы іссапармен келіп, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

 Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру, жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін Үшана ауылынан басталған сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, биыл тамыз айында толық аяқталған болатын.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Үшана елді мекеніне тартылған ауыз су құрылысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Көлгінов:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында таза ауыз сумен елді мекендерді қамту жөнінде тапсырма берген болатын. Жолдауды орындау мақсатында бүгінгі күні Қаратөбе ауданында 5 бірдей елді мекенге орталықтандырылған таза ауыз су құбыры жүргізілді. Игілікті шаруаның қызығын өздеріңіз көргелі отырсыздар.

Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында екі жылдың ішінде облысымызда 110 елді мекен  таза ауыз сумен қамтамасыз етілді, яғни 2 мың шақырым су құбыры тартылды,- деді.

Шарада ауыл халқының алғысын жеткізген Аман Жүсіпқалиұлы өңір басшысы Алтай Сейдірұлына өзінің «Үшана тарихы» атты анықтамалық жинағын сыйға тартты.

   Бес елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтыған жобаға бюджеттен  915 041 96 млн. теңге бөлінген. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 128, 762 шақырымды құрайды.  

Жоба құрылысын жүргізуші бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС-нің бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің айтуынша Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерге  су құбыры желісі толықтай тартылған. Нәтижесінде 823 нысан су жүйесімен жабдықталып, бес елді мекендегі 4231 тұрғын таза ауыз сумен қамтылды.

Сумен жабдықтау жүйесінің ашылу салтанатынан соң өңір басшысы А.Көлгінов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасына сай «KazConstructionGroup» ЖШС-нің бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің өз қаражаты есебінен Үшана ауылына салып берген фельдшерлік пунктінде болды. Елге жанашырлық танытқан азаматқа алғысын айтып, фельдшерлік пункттің жұмысымен танысты.