Қаратөбе ауданында «Қаратөбе сиезі – Алаш тарихнамасының негізі» тақырыбындағы облыстық ғылыми конференциясы өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Қаратөбе сиезіне 100 жыл толуына орай өткізілген облыстық ғылыми конференцияға белгілі Алаштанушы тарихшылар, тарих ғылымдарының кандидаттары, Қаратөбе сиезіне қатысушылардың ұрпақтары, көршілес Қызылқоға, Ойыл, Сырым ауданы музейлерінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Айтулы шара азаттықты аңсаған Алаш зиялыларының басын қосқан «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орынға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлт мүддесі үшін құрбан болған қайраткерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ғылыми конференцияға қатысушылар алдымен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері ұйымдастырған «Алаштың рухани тұғыры – Қаратөбе сиезі» атты кітаптар көрмесімен танысты. 

Ел азаттығын аңсаған қазақ зиялылары бас қосқан тарихи орынның ұмыт қалмай, халық жадында қайта жаңғыртылуының маңызы зор.
Тартысқа толы тарихымыздан сыр шертер ескерткішті қорғау мен сақтау, мән-маңызын насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.

2013 жылы қараша айында осы оқиғаның 95 жылдығына орай сиез өткен тарихи орынға ескерткіш тақта орнатылды. Тақта ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің рухына арналды.

Конференцияда сөз сөйлеген Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің меңгерушісі Рысбаева Балқия 1918 жылдың қараша айында Ойылда өткен Батысалашордашылардың ІV сиезі туралы мол мағлұмат берді. 

Алаш ардақтыларына арналған шарада Қаратөбе сиезіне қатысушы қайраткерлердің ұрпақтары Сара Бижанова, Ертай Сердалин, Ким Федялин, Нұрлан Қуаншалиев, Ғалымжан Жанқадамовтар сөз сөйлеп ұлт теңдігі үшін күрескен айтулы тұлғалардың есімдерін тарихта қалдыру турасында ой-пікірлерін жеткізді. 

Облыстық ғылыми конференцияның соңында аудан әкімі Жанат Асантаев шара қонақтарына алғыс хат пен естелік сыйлықтар ұсынды.