М.Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігерлерінің бірі Ислямғали Наурызалиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Алғыстан алқа таққан абзал жан еді...» атты кездесу кеші өтті.

Кездесу кешінде алдымен ҰОС-ның зардабы мен қасіреті турасында баяндама оқылып, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Шараға қатысушыларды ҰОС ардагері Құрманғали Ысқақов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесімен құттықтады.

Тағылымды басқосуда ҰОС-ның ардагері, алғашқы жоғары білімді қаратөбелік дәрігер Ислямғали Наурызалиннің өмір жолы мен атқарған адал еңбегі туралы естеліктер айтылып, «Алғыстан алқа таққан абзал жан еді...» атты көрме таныстырылды.

Ел құрметіне бөленген дәрігермен қызметтес болған Зияда Қабдоллақызы, Мәрфуға Қужиева, Мәрия Ахатшақызы Ислямғали Наурызалиннің қызметіндегі білгірлігі, адаммен сыйластығы, қызметкерлеріне құрметі туралы естеліктер айтса, ақын, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директор-редакторы Ертай Бимұханов ардагерге арнауын оқып берді. 

Ұрпақтары Садық, Халық Наурызалиндер аталарының ерен еңбегіне тоқталды.

Шара соңында кеш қонақтары мен Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушыларымен ардагер Құрманғали Ысқақовты ортаға алып, естелік суретке түсті.