29 тамыз күні Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік салтанатты шара оздырылды.

 

Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан елдің басты құжаты Ата Заңымыздың тарихына, оның маңызына, ерекшелігі мен өміршеңдігіне тоқталып, Конституция аясында елде атқарылған іргелі жұмыстар туралы айтты. – Мемлекетіміздің негізгі Заңы қабылданғалы бері уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін мойындатты. Басты құжат саяси-әкімшілік, экономикалық-әлеуметтік және құқықтық реформалардың дамуына өзіндік серпін берді. Халқымыздың оқып, білім алуы, еңбек етуі, өз құқықтарын еркін қорғап, азат елде өмір сүруі – Ата Заң берген мүмкіндіктердің жемісі. Егемен елдегі ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешіп, достық діңгегінің бекем орнығуының түп-төркінінде де Конституция кепілдігі жатыр. Тәуелсіз еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл бастамасымен дүниеге келген берік тұғыр, елімізді өркениет пен әділдікке бастайтын басты құжат – Қазақстан Республикасы Конституциясының 23 жылдығы құтты болсын! Баршаңызға амандық, бірлік-береке, ырыс пен бақыт тілеймін! – деп мерекелік құттықтауын жеткізді. Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлының қолынан аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Еркінбек Жәнібеков, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашев, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиевтер облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хат алды. Сонымен қатар, мерекелік жиында аудан әкімі Жанат Асантаевтың атынан жемісті қызметімен көрініп жүрген бірқатар мекеме қызметкерлері де алғыс хатқа ие болды.

Шарада республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев құттықтау сөз сөйлеп, жақында өткен Қаратөбе ауданының 90 жылдық мерейтойына үлес қосқан азаматтарға «Қос Аққу» Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубы мен «Спорт жұлдыздары» журналының арнайы төсбелгісін ұсынды. Құрметке ие болғандар қатарында «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалімен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, есімі өңірімізге кеңінен танымал ақын Шолпан Қыдырниязова бар. «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медаліне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, белгілі кәсіпкер, спорт пен өнер жанашыры Жарқын Тәжіғалиевтер ие болса, «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен аудандық мәдени-демалыс орталығының дәстүрлі әншісі Нұршат Исламғалиев, «Спортқа қосқан үлесі үшін» медалімен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрқат Нысанов және басқалары марапатталды. Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының «Ынтамақтың ұйытқысы – Ата Заң» атты концерттік бағдарламасына ұласты.