Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында Қаратөбе ауданында «Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың!» атты жерлестер форумы өтті.

Ауылдан шыққан өңір азаматтарының басын қосып, алтын бесік – ауылдың көркейіп, туған жерге деген  сүйіспеншілік пен Отанымызға деген патриотизмді қалыптастыруды мақсат еткен аталмыш форумда елдің абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген бір топ жомарт жүрек жерлестер сөз сөйлеп, қаратөбелік ағайынды ауданның 90 жылдық мерекесімен құттықтады. Азаматтар  туған жер туралы көкейлерінде жүрген ізгі ойларын ортаға салып, ауданды көркейту бағытында алда атқарылатын жоспарланған жұмыстары туралы айтты.

«Бүгін менің ең қуанышты күнім. Туған жерімде атқарылған қыруар ізгілікті істерді көріп толқып тұрмын. Мереке құтты болсын! баршаңызға бақыт тілеймін. Осыдан 10-15 жылдағы жағдаймен салыстырғанда аудан керемет көркейген. Бұл мені өте  тебірентеді. Адам топырақтан жаралады. Сондықтан  кіндік қаным тамған жер туған жер дің топырағы қасиетті деп білемін. Қаратөбе ауданының және  Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанғанымды әр жылдары алған төрт ғылыми атақтарымнан артық санаймын»,-деді туған жерге деген ыстық ықыласын тебірене жеткізген жерлес ғалым Рахымжан Елешев. Рахымжан аға өз кезегінде аудан басшысы Жанат Асылханұлына «Сырымды өзім айтам» атты кітабы мен ғылыми журнал және аудан символі іспеттес домбыра бейнеленген шағын ескерткіш табыстады.

Форумға қатысушы Республикаға кеңінен танымал ақын-жазушы апаларымыз Шолпан Қыдырниязова мен Айсұлу Қадырбаева туған жерге, жерлестерге деген жылы лебіздерін арнады. Форум соңында жерлес әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің шырқалуымен қорытындыланды.