26 шілде күні  Қаратөбе ауданында  аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласындағы несиелендіру мәселелерін түсіндіру және талқылау бойынша Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы, облыстағы қаржы ұйымдары мамандарының қатысуымен кеңес одырылды.

Алқалы кенесті аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы кіріспе сөзбен ашып, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырды. – Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 17-тармағын орындау мақсатында «2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарламаның екінші бағыты щеңберінде микрокредиттеу ауқымын кеңейту, өз ісін ұйымдастыру және кеңейту үшін кредиттік ресурстарының қолжетілімдігін арттыру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және басқа тұлғалар үшін жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасау көзделуде. Ағымдағы жылы атаулы бағдарламаға кейбір өзгерістер енгізілді. Соған орай несиелендірудің жаңа ержелелерін түсіндіру, талқылау күн тәртібіндегі басты мәселе, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев. Қаратөбе ауданы ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен бизнес бастауға ниетті аудан тұрғындары, ауылдық округ әкімдері, мекемелер мен бөлім басшылары қатысқан кеңесте «Қазагрогарант» АҚ БҚО бойынша өкілдігінің директоры Досхан Салықов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Жанна Қалешова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының маманы Адиет Орашев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының маманы Талап Бисенбаев несие алудың жолдары, несие алуға байланысты тиісті құжаттарды жинақтау, «Сыбаға» бағдарламасының бағыттарының тиімділігі, несие серіктестігіне бірігіп, несие алу арқылы мемлекет тарапынан қарастырылған түрлі жеңілдіктерді пайдалану туралы түсініктер берді.

Күн тәртібіндегі қозғалған мәселеге орай аудандағы «Кенжеқара» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржан Ахметов, Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қанат Мұқанов, қаракөлдік Мәди Құттыбаев және тағы басқалар сауалдарын қойды. Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы несиелендіру мәселелеріне қатысты жан-жақты талқылау жүрді. Отырысты қорытындылаған Рашит Нәсіпқалиұлы кеңесте көтерілген ұсыныстар, берілген тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін айтып,  ауылдық округ әкімдеріне елді  мекендер тұрғындарына несиелендіруге байланысты енгізілген өзгерістер туралы түсінік жұсмыстарын жан-жақты жүргізуді тапсырды.