Қоғам алдындағы өзекті мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу мақсатында «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильдік топ мүшелері Саралжын, Аққозы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

 

Мобилдік топтың негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа түсіндіру, ақпараттық насихат жұмысын жүргізу болып табылады. Саралжын ауылдық округі әкмінінің міндетін уақытша атқарушы Есқабыл Сафин өз сөзінде ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруға арналған дөңгелек үстелдер, семинар кеңестер сынды біркелкі жұмыстар атқарылғандығын, пара беру де, пара алу да пайдалы іс еместігін тілге тиек етті. Қос ауылдық округтің мәдениет үйіне жиналған тұрғындар алдында сөз сөйлеген мобильдік топ мүшесі, «Нұр Отан» париясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов:

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауының 10 негізгі міндеттің басым бағытының бірі  сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі екендігін айтқан болатын. Қоғамда орын алып жатқан кеселмен күресу – барша адамның міндеті.  Тәуелсіз ел болып, әлемдегі еңсесі биік 30 елдің қатарына енуді көздеген шақта баршамыз бірлесе отырып, қоғамды жегі құрттай құртатын кеселге жол бермеуіміз керек, — деді.

Түстен кейінгі жиында Аққозы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанат Бердіғалиева күн тәртібіндегі мәселе бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселе екендігіне тоқталып, ауылдық округте атқарылған жұмыстарын атап өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева сыбайлас жемқорлықпен күресу қоғам міндеті екендігін, аудандық баспасөз беттерінде мақалалар тұрақты жарияланып келетіндігін айты. Қос ауылдық округтің мәдениет үйлерінде ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша «Ашық әкімдік күні» шарасымен жалғасты. Ауыл тұрғындары халықпен кездесуге арнайы келген аудандық бөлім басшыларына көкейіндегі сауалдарын қойып, тиісінше жауап алды.