23 маусым күні Қаратөбе ауданында Қазақстан полициясы күні мерекесі кең көлемде аталынып өтті.

 

Аудандық мәдениет үйінің алдына құрылған сахна жанына жиналған жұртшылық Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шараны тамашалады. Мерекеге орай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сап түзеді. Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қызметтерінің қиыншылығын жеңе біліп, адал еңбек атқаруға тілектестігін білдірді

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қайрат Хасенов барша полиция қызметкерлерін айшықты мейрамдарымен құттықтап, жұмыстарына толайым табыс, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуларын тіледі. Мереке күні Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің медалімен ішкі істер органдарының ардагерлері Қуаныш Мәжитов, Қайрат Исмағұлов, аудандық ішкі істер бөлімінің қызмет жөніндегі орынбасары, полиция капитаны Алмаз Елбаев марапатталса, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің алғыс хатымен ішкі істер органдарының ардагерлері Тілектес Ысқақов, Қайыржан Ермеғали марапатталды. 

Мерекеге орай аудан әкімінің, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының алғыс хаттары бірқатар сала ардагерлеріне және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне табысталды. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының дайындаған мерекелік бағдарламасымен жалғасты.