24 мамыр күні облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, аудандық штаб мүшелерімен кездесті.

Кездесуде қаралған басты мәселе бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және ел экономикасына тиісінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасының аудан бойынша орындалуы және жұмыспен қамту шараларына тарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жүзеге асуына арналды.
Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:
– Жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында 2017 жылы «Қаратөбе ауданы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін рәсімдеу жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданып, негізгі бағыттар бекітілді. Жыл басында өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар 1491 болса, есепті мерзімге 1663 адамға көбейіп, -11,5%-і құрады.
Кейіннен қайтадан мәртебесін анықтау кезінде 472 адамның әртүрлі жалдамалы жұмыста жүргені анықталып, (мал жайғау, тас соғу, шөп шабу, жөндеу жұмыстары т.б.) оларға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесі берілді.
Аудан бойынша жұмыс жасап тұрған 282 шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің қарамағында 181 адам заңсыз жұмыс жасағаны анықталды. Қазіргі таңда олардың 121-і мен жұмыс берушілер арасында еңбек шарты жасақталып, заңдастырылды. Жыл басынан жұмыспен қамту орталығы арқылы бос жұмыс орындарына 242 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде электрондық еңбек биржасы порталы арқылы 2 мекеме тіркеліп, 3 жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналастырылды, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тишанқызы аудан бойынша азаматтардың мәртебесін анықтау, зейнеткерлікпен қамтамасыз ету, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қатыстыру, салық төлеу және кірістерін есепке алу, еңбек қатынастарын реттеу сынды мәселелері турасында тапсырма беріп, осы жұмыстарды атқаруда кездесетін қиындықтарға тоқталды.
Кездесуден соң облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева аудандық жұмыспен қамту орталығы және аудандық орталық ауруханасының жұмыс барысымен танысты.