Бүгінгі күн – көптен күткен салтанатты күн, зымыраған уақыттың қанатында Жеңістің, міне, 73-інші көктемі де келіп жетті. Ешкімде, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Бұл сөз өткенге емес, болашаққа арналған.

Бүгін аудан әкімі Жанат Асантаев, Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманғали Ысқақов бастаған топ орталық алаңнан жүріп өтіп, аудан орталығында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, отты жылдары Отан үшін жан қиған майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ұлы Отан соғысынан оралмаған, қан майданда мерт болған майдангерлер рухына салют берілді.
Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған «Мәңгілік алау» ескерткіші жанындағы шарада аудан әкімі Жанат Асантаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, ауған соғысы ардагері Ерболат Иманғалиев сөз сөйлеп, қаратөбелік ағайынды Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Аудан халқын Жеңіс күні мерекесімен құттықтаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы:
- Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді ерлік пен қайсарлықтың мерекесі Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Отты жылдары Қазақстаннан миллионнан астам жерлесіміз майданға аттанып, жартысынан көбі үйлеріне оралмады.
Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Айтулы мерекеде барлық игі бастамаларыңыз оң жемісін беріп, Отанға адал, елге қайырымды, еңселеріңіз биік, мерейлеріңіздің үстем болуын тілеймін. Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болғай! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елінің көк байрағы бейбітшілік аспанында мәңгі желбірей бергей! - деді.
Шара аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері Қуаныш Дүйсенғалидың орындауындағы «День Победы» әнімен тәмамдалды.