23 сәуір күні Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Қос ішектегі құдірет» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді ашып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

 

 

Дөңгелек үстелде елімізге танымал ардагер журналист Тихон Әліпқали бабалар мұрасы, күй құдіреті хақында тереңнен ой қозғаса, ақын Дариға Мұштанова Ұзақ бабамызға арналған сиясы кеппеген төл туындысын оқып берді.
Ал Құрманғазы домбырасының көшірмесін жасаған танымал күйші, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиев пен белгілі домбырашы, ұстаз Асқар Кенжеғалиев Құрманғазы бабамыздың шығармаларын орындады.
Аудан басшысы Жанат Асылханұлы жүргізген дөңгелек үстелде Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, еңбек ардагері Мәулен Қожахметов сөз сөйлеп, Қаратөбе өңірінен бастау алған тағылымды шара жанашырларына оң сапар тілесті.
Тағылымды басқосуда қаратөбелік жас күйші Қайрат Байғұтты жиналғандар құрметіне күй тартып берді.
Дөңгелек үстелге БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы
Қадырболат Мұсағалиев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры, ғылыми экспедицияның жетекшісі Мирболат Ерсаев, ардагер журналист, өлкетанушы Тихон Әліпқали, ақын Дариға Мұштанова, күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев, «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұғалімі Асқар Кенжеғалиев, облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Рысты Кажушева, Жәңгір хан атындағы тарихи этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, облыстық музейдің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің маманы Мөлдір Төлегенова, програмист-дизайнер Сәндігүл Тілепбергенова, жергілікті әкімшілік өкілдері, жергілікті өнер (әншілер, күйшілер) иелері, аудан орталығындағы музыкалық мектептің оқушылары қатысып отырды.
Дөңгелек үстел соңында аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев бата берді.