Қаратөбе аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өту шараларын ұйымдастыруға байланысты ұйымдастыру комиссиясының екінші отырысы өтті.

 

 Аудан әкімі Жанат Асантаевтың төрағалығымен өткен жиналысқа арнайы қатысқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы, жерлесіміз Жантас Сафуллин тың жобаларымен бөлісті.
Мерейлі мерекеге орай атқарылмақ шаралардың жүзеге асырылуы талқыланған жиында алғаш боп сөз алған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин ауданға қарасты барлық ауылдық округтердің шежірелі тарихынан, ерекше табиғатынан сыр шертер, танымал тұлғалар мен әр округтің, әр ауылдың тыныс-тіршілігінен хабар берер жеке-жеке сайт ашу жұмысын жүргізуге ұсыныс тастады.
Осы орайда елдің азаматы ретінде жасаған Егіндікөл ауылының egindikol.kz сайтын отырысқа қатысушы округ әкімдері мен жекелеген мекеме басшыларына таныстырды.
Айта кету керек, сайт ауыл тарихын түгендеумен қатар қызығушылық білдірген адамға барша ауылға қажетті ақпараттарды бір жерден табуына, сұлу табиғатымен қашықтан танысуға, тамыры терең ел тарихы туралы материалдармен танысып, әрі қарай зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізуге, ауылды туризм орталығына айналдыру үшін насихат жұмыстарын жүргізу және тағы да басқа мақсаттарды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді.
Егіндікөл сайтының құрылымы екі бөліктен тұрады. Біріншісі «Егіндікөл ауылы» деп аталады. Онда сайт мақсаты, тарихы, табиғаты, мекемелер, тұлғалар батырмалары бар. Ал екінші бөлік «Егіндікөл орта мектебі» деп аталады және маңызды үш бөлімге бөлінген. Олар «Ауыл тынысы», «Ауыл туралы бейне бөлім», «Ауыл жанашыры».
- Сайт жұмысын жүргізу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған жоба Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың негізі тетіктерін жүзеге асыруды қамтиды. Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ел тарихы, екіншіден, «Қазақстанның киелі жерлері» табиғат кереметтерін сайт арқылы жарыққа шығару, үшіншіден, сандық нұсқаға өту саясатын толыққанды жүзеге асыра алатын боламыз. Бұл дегеніңіз – өлкетаным жұмыстарын жас ұрпаққа насихаттау болып табылады, - деді Жантас Набиоллаұлы. Сонымен қатар сайт ашу мәселесіне аудан және ауылдық округ әкімдері ықылас танытса, әрқайсына сайттарын жасап беруге көмек беретіндігін жеткізді. Оның ішінде әр округке өз алдына сайт етіп жасағанымен, бәрін бір сайтқа топтастыратындығын айтып, сайт жұмысына қажет мәліметтерді уақытылы өздері жинап беруін тапсырды.
Отырыс аясында медиахолдинг басшысы Жантас Набиоллаұлы Қаратөбе ауданына қарасты ауылдық округтердегі ескі қорымдардағы құлпытастарды зерттеу нәтижесінде 400-ге жуық құлпытас зерттелгенін айтып, ауылдық округ әкімдерінен елді мекендерде әлі де болса зерттелмей қалған қорымдар жөнінде хабардар етуді сұрады.
Отырыста одан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан ауданның 90 жылдық мерейтойына байланысты оздырылатын шаралар тізбесін айтып өтіп, мерейтой өткізілетін күнді белгілеуге комиссия құрамына өзіндік ұсынысын жеткізді.
Комиссия құрамының бірауыздан қолдауымен ауданның 90 жылдық мерейтойы тамыз айының 10-11 күндері өткізілетін болып белгіленді.
Жиналысты қорытындылаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы ауданның 90 жылдық мерейтойын лайықты өткізу турасында ауылдық округ әкімдері мен тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.