14 наурыз – Көрісу күні мерекесіне орай Қаратөбе ауданының орталық алаңында қазақы дәстүрмен тоғыз киіз үй тігіліп, халықтық серуен өтті.

 

Алдымен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.
«Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі қонақтар! Көктемнің жайма шуақ күндерімен тұспа-тұс келетін осы бір керемет мереке Көрісу күні мерекесімен баршаңызды құттықтағым келеді. 
Бұл мереке араздықты ұмытып, өкпе-ренішті кешіріп, ағайын-туысқа құт-береке тілейтін жақсы мереке. 
Батыс өңіріне тән төл мерекелердің бірі. Жаңа жыл, Наурыз мерекесінің бастамасы болып, еліміздің кейбір өңірлерінде тойланып келеді. 
Бұл мерекенің Қаратөбе жерінде орны ерекше. Мереке құтты болсын! Барлық отбасына ырыс пен ынтымақ тілегім келеді. Береке мен молшылық болсын, қуаныш құтты болсын. Бір жастарыңыз құтты болсын! – деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы.
Одан соң ауыл ақсақалы Мәулен Қожахметов бата беріп, көпшілік «Әумин!» десті.
Бұқара халыққа ақ бауырсақ ұсынылып, шашу шашылды.
Ұлттық нақышта безендірілген ауылдық округтер тіккен киіз үйлерден тұрғындарға дәм ұсынылып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. 
Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық киім киген жастар асық ату, арқан тартыс ойындарын кеңінен насихаттады.
Мерекелік шарада аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері сазды әуендер әуелетіп, мереке шырайын аша түсті. 
Облыс, ауданға танымал өнерпаз әншілер Нұршат Исламғалиев, Аяжан Смағұлова, Рысгүл Жұмағалиевалар әннен шашу шашып, өнер көрсетті.
Ал, ұлттық ойындар жарысында атап айтсақ, асық ойынында ерлер арасында Айбек Шоқанов, әйелдер арасында Айжарқын Қонарова, арқан тартуда «Қыран» тобы жеңімпаз боп танылды.
Басты ерекшелік Көрісу күні мерекесінде «Мейірімділік арқылы бірлікке...» атты қайырымдылық акциясы бастау алды. 
Қайырымдылық шарасы 14-22 наурыз күндері аралығын қамтиды. Сол аралықта ауданның кез-келген тұрғыны, ықылас танытушы жандар акцияға белсенді және ерікті түрде қатысып, көмек қолын соза алады.
Қайырымдылық акциясының мақсаты көмекке мұқтаж азаматтарға қолұшын созу, жомарттық пен мейірімділік қасиеттерін халық арасында насихаттау болып табылады