Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсебаев Жексенбай Қартабайұлы аудан активімен кездесті.

Айтулы кездесуде Жексенбай Қартабайұлы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты елімізде атқарылып жатырған іргелі жұмыстарға тоқталды. 
Елбасының еліміздің аграрлық секторы экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап көрсеткеніндей, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы мәселелер төңірегінде әңгімелеп, ауданда ауыл шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстар турасында хабарлама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Бадақовқа бірнеше сауалдар қойды.
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына байланысты санамыздың дамуы басты мәселе болып табылады. Еліміздің әлемдегі 30 озық елдің қатарына енуі үшін ел болып, баянды бірлікте еңбек етуге тиіспіз. Еліміздің дамуына зор ықпал ететін ауыл шаруашылығын дамыту жолында белсене еңбек етуіміз керек.
Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып риза болып отырмын. Көкейіңізде жүрген сауалдарыңыз болса, жауап беріп, айтылған мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, мәселелердің шешілуіне ат салысамын» - деді халық қалаулысы Жексенбай Қартабайұлы.
Жергілікті бюджет, қосалқы шаруашылық төңірегінде ауылдық округ әкімдері Ғ.Қайырғалиев пен Б.Муса, аудандағы кооперативтер жұмысы туралы әңгімелеген облыстық мәслихат депутаты Қ.Мұқанов ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген ауыл еңбеккерлерінің зейнет жасына байланысты жеңілдіктер қарастыру мәселесі, аудандық электр желілері торабының басшысы Х.Мырзагерей аудан тұрғындарының радио толқынын толыққанды тұтынуын қамтамасыз ету төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды.
Аудан әкімі Жанат Асантаев халық қалаулысы Жексенбай Қартабайұлына аудан активі атынан алғыс айтып, елдің дамуына атсалылып жүрген депутаттық қызметіне сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсебаев Жексенбай Қартабайұлы ауданға жасаған сапары барысында "Қоржын" мал сою кешенінің жұмысымен танысты.