Елордада өткен Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері аясында тамыз айының 3-5-і күндері аудан ардагерлері Еркінбек Жәнібеков, Мақсот Ермеғали, Мағзом Есендосов және Абат Аңшыбай аудан делегациясы сапында болды.

- Бас қалада өтіп жатырған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеге барып, тамашалап, үлкен әсермен оралдық.
«Көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегендей, әлемдік көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Яғни, павильон қызметкерлері келген қонақтарды кіргеннен құшақ жая қарсы алып, көрмеге қойылған бұйымдар мен жаңа технологиялар жетістіктерімен мұқият таныстырып, жылы шыраймен шығарып салады. Бір әттегенайы, көбірек көріп, молырақ танысуға уақыт тығыз болды. Танысып үлгергеніміздің ішінде маған ерекше ұнағаны іс атқару кезінде бізді қоршаған табиғатымызға зиян тигізбейтін бірнеше технологиялар мен табиғаттың энергиясын үнемдеу және аялау бағытындағы жұмыстар болды.
Астана қаласында болған сәттерімізде жеке кездесулер де ұйымдастырылды. "Мәскеу" қонақ үйінің 25-ші қабатындағы тойханада кәсіпкер Сырым Абдрахмановтың берген 
қонақасында бас қаламыз Астананың әдемі ғимараттарын тамашалай отырып, ел алдында жүрген ақын ініміз Қалқаман Саринмен әңгіме-дүкен құрудың сәтітүсіп, шығармашылығы туралы біраз сұқбаттастық,- дейді энергетика саласының ардагері Абат Аңшыбай.
Отанымызды бүкіл әлемге паш еткен көрмені көруге мүмкіндік жасаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абат Көбенов бастаған ұйымдастырушылар мен демеушілерге еңбек ардагерлері ризашылығын білдіреді.

Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы