Бүгін Қаратөбе ауданында партияның «Сәтті қадам» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалының қолдауымен аудандық жұмыспен қамту орталығы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Еңбек жәрмеңкесінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов сөз сөйлеп, жәрмеңкеге үкілі үмітпен келген жұмыс іздеушілерді шараның ашылуымен құттықтап, сәтті қадам тіледі.
Аталмыш шараға аудан мектептерінен, Қаратөбе колледжінен, аудан орталығындағы мекемелерден жұмыс ұсынушы мекемелер басшылары қатысты.
«Қадірлі жұмыс іздеушілер! Бүгінгі жәрмеңкеде аудан бойынша 30 жұмыс беруші ұсынған 108 бос жұмыс орынының 50 орнына мамандар түрлі қызметтерге жолдама алып отыр. Жұмысқа жолдама алған мамандарға сәттілік тілеймін. Қызметке орналасушылар елдің дамуына өзіндік үлестерін қосады деп сенемін»,-деді шараның жабылу салтанатында жұмысқа жолдама алғандарды құттықтап сөз сөйлеген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали. 
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Батырғали Тойшыбаев қызметке кіріскелі тұрған мамандарға жолдамалар тапсырды.
108 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеден 50 маман өздері таңдаған қызметтерін тапты. Олардың дені – білім саласының мамандары.

Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы