8 тамыз күні Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев ауылдық округ әкімдерінің сайлауы кезінде басым дауысқа ие болып, аудандық сайлау комиссиясының шешімімен аудан әкімдігіне ұсынылған 5 ауылдық округтің әкімдерін округ аппараты қызметкерлеріне таныстырды.

Алдымен аудан орталығы, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі лауазымына қайта сайланған Ғалымгерей Қайырғалиевті таныстырды. Ұзақ жылдар Қаратөбе ауылдық округін басқарып, қызметіне кіріскен округ әкіміне жұмыссыздықпен күресуді, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді тапсырған аудан басшысы Жанат Асылханұлы үлкен сенім білдірді.
Мұнан кейін аудан басшысы Саралжын, Аққозы ауылдық округтерінде болып, қызметтеріне қайта сайланған округ әкімдері Қайыр Бисенғали мен Қоныс Мұқановты ауыл активіне таныстырды.
Саралжын ауылдық округіндегі жиында таза ауыз судың тапшылығы, жол мәселесінің сын көтермейтіндігі, далалық жерлердегі өртті ауыздықтауға тұрғындардың ұйымшылдықпен қатысуы мәселелері көтерілді.
Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдаған аудан әкімі Жанат Асантаев қордаланған түйткілді мәселелерді өз бақылауында ұстайтындығын, алға қойған мақсаттар мен шешімін табуға тиісті мәселелерді ауызбіршілікпен атқаруға шақырды. Жаңадан сайланған округ әкімі Қайыр Бисенғалиұлына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Аққозы ауыллық округінде болған жиында округ әкімі лауазымына қайта сайланған Қоныс Ізімұлына тұрғындар арасындағы жұмыссыздықты жою, жастарды ауылға тұрақтандыру мәселелері бойынша жұмыстануға тапсырмалар берілді.
Жаңадан сайланған округ әкімінің қызметіне сәттілік тілеген аудандық мәслихат депутаты Қобыланды Жұмағалиев Елбасы саясатының жүйелі түрде жүзеге асатындығына сенім білдірді.
Түс ауа Жусандыой және Сулыкөл ауылдық округтерінің әкімі аппараты қызметкерлерімен өткен кездесуде округ әкімі лауазымына қайта сайланған Талап Қазиев пен Берікқали Мусаны таныстырды. Қос ауылда өткен жиналыстарда сөз сөзйлеген аудан басшысы Жанат Асылханұлы жаңадан сайланған әкімдердің қысқаша өмірбаяндарына тоқталып, екі азамат та жергілікті жерде ұзақ уақыттан бері қызмет атқаратындығын, округтің жағдайын жақсы білетіндіктерін атап өтіп, қызметтеріне табыс тіледі. 
Өз кезегінде сөз алған Талап Айтмұханбетұлы мен Берікқали Жақсылықұлы өздеріне сенім білдіргені үшін аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.