Алашорда үкіметінің 100 жылдығына байланысты «Ақ жол» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Алаш жолымен...» атты ғылыми экспедиция мүшелері Қаратөбе ауданында болды.

Жұмыс сапарын Атырау облысынан бастаған экспедиция делегациясы Батыс Алашордашылардың ізімен жүріп өтуді, олардың тарихымен танысуды, деректер жинауды басты мақсат тұтыпты. 

Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтап, тәуелсіздік жолында атқарған еңбектерін жас ұрпақ санасында жаңғыртуды қолға алған экспидиция құрамы Атырау облысының Қызылқоға ауданында және Ақтөбе облысының Ойыл ауданында болып тарихи орындарды аралаған.

Қаратөбе ауданына ат басын тіреген экспедиция мүшелері алдымен азаттықты аңсаған Алаш зиялыларының бас қосқан, тарихта «Қаратөбе сиезі» атауымен қалған тарихи орынға орнатылған ескерткішке барып, ұлт зиялыларының рухына тағзым етті.
Мұхит Мерәліұлы атындағы аудандық тарихи өлкетану музейінде болған экспедиция мүшелері Қаратөбе ауданының тарихымен, ауданнан шыққан елге танымал тұлғалар туралы деректерге қанығып үлкен әсер алды.

– Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалы ғылыми экспидиция ұйымдастырып отыр. Тұңғыш ұлттық тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаушылар – Алашордашылар. Тәуелсіз мемлекетті құру үшін күрескен қайраткерлер туралы тың деректер, тарихи орындар туралы ақпарат жинақтау үшін ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жолға шықтық. «Ақ жол» партиясы Алашорда қайраткерлерінің ісін жалғастырушы партия болып саналады. Сол бағытта жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз,- дейді саясаттанушы, «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов.

Экспедиция мүшелері зерттеу жұмыстарын Сырым ауданы мен Орал қаласында жалғастырмақшы.