Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатов Қаратөбе ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан активімен кездесті. Мәжілісмендердің Қаратөбе өңіріне сапары барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен бірге жүрді.

Актив жиналысына төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асантаев күн тәртібімен таныстырып, басқосудың мақсатына тоқталды.

Күн тәртібінде қаралған мәселе Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мен түсіндіру.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов:
- Іссапармен бір топ мәжіліс депуттаттары Батыс Қазақстан облысының тұрмыс-тіршілігімен танысып елдің, халықтың арасындағы сұрақтар мен ұсыныстарды жинақтаудамыз. Елбасының халыққа Жолдауын және билік органдарына берген тапсырмалары көрініс тапқан мақаласын талқылаудамыз. Аудан халқы еліміздегі атқарылып жатырған жұмыстарға қанық деп ойлаймын. Өңірде соңғы уақыттарда жасалған жұмыстардан хабардар болып, үлкен ағалармыздың, ардагерлеріміздің ұсыныстарын тыңдадық. Елбасының үлкен қамқорлығының арқасында батыс өңірі соңғы жылдары көптеген жетістіктерге жетті. Ол тек қана саяси дәрежеде емес экономикалық дәрежеде әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайының мәселелерінің шешілуі жөніндегі бағытында жасалған істер айтарлықтай, - деді. 
Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарына тоқталып өтті. 
Кезегінде сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов қазіргі жаһандану заманында тек тынымсыз еңбек ету арқылы жетістікке жетуге болатындығын атап өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз қарыштап дамып, бейбіт заманда өмір сүріп отырғанымыз басты байлығымыз екеніне баса мән берді.
Мәжіліс депутаттарына «Қош келдіңіз!» айтып аудандағы атқарылған игілікті жұмыстарға тоқталған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев ауданымыздың газбен толық қамтылғанын, облыс орталығымен қатынайтын қатқылтабанды жолдың игілігін ел көріп отырғандығын, бірқатар елді мекенге таза ауыз су құбырының жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
Актив жиналысын қорытындылап сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов арнайы жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданына келген Мәжіліс депутаттарына аудан активі атынан алғысын білдірді.