Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілер арасында шахмат, дойбы, үстел теннисі спорт түрлерінен сайыс оздырылды. 

Аталмыш жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту және қатысушылардың спорттық шеберліктері мен біліктіліктерін көтеру.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев, зейнеткер «Үздік мемлекет қызметші» төсбелгісінің иегері Мақсот Ермеғали сөз сөйледі. 
- Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. 
Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екендігі белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. 
Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы. Ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын! -деді өз сөзінде Рашит Нәсіпқалиұлы. 
Ауылдық округтерден келген мемлекеттік қызметшілер спорттық ойынға жақсы дайындықпен келгендігін көрсетті.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы