Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі аталып өтілді.

Аталмыш шараға аудандағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 
Салтанатты шара жаңадан мемлекеттік қызметке қабылданған қызметшілердің ант қабылдау рәсімімен басталды.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар мемлекеттік қызметшілерге облыс, аудан әкімдігінің алғыс хатын табыстады.
- Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен жауапкершілік, зор құрмет. Мемлекеттік қызметші билік пен халық арасындағы өзіндік байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігімен қатар жоғары адамгершілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. 
Ауданымызға келетін болсақ, 96 мемлекеттік қызметші қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте 60 ер, 36 әйел адамдар қызмет атқаруда. 80 мемлекеттік қызметші жоғары білімді, 1 ғылым кандидаты, 2 магистрант бар. Биылғы жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «100 нақты қадамның» 15- қадамын орындау мақсатында мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестациялаудан өткізілді. 
Аудан бойынша 77 мемлекеттік қызметші кешенді аттестаттауға қатынасып, өздерінің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін дәлелдесе, оның ішінде 8 мемлекеттік қызметші лауазымын жоғарлатуға ұсынылды. Аттестаттау облыстық және аудандық комиссиялар деңгейінде өткізілді, - деді өз сөзінде Рашит Нәсіпқалиұлы.
Мерейлі мерекеде ҚР Деңсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Аманша Төлеуов марапатталды.
Сондай-ақ БҚО әкімінің алғыс хатымен Ербол Бақытжанов, ҚР Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысының алғыс хатымен Берікқали Муса, Армат Самиғоллаұлы, Нұржамал Сәрсенқызы, аудан әкімінің алғыс хатымен Ләззат Есқазиева, Арман Отаубаев, Артур Райсов, Зина Тілепова, Асхат Абденов марапатталды.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы