Маусым айының 21-нен 22-сіне қараған түні аудандық мешітте Қаратөбе өңірінің жұртшылығы түндердің қайырлысы– Қадір түнін қарсы алды. 

Ақшам уақытынан таң намазына дейін мешітте құлшылық қылып, «мың айдан артық түнді» қарсы алуға келген адамның санында есеп болмады.
Қадір түні ораза тұтқан жандарға мешіт ауласындағы киіз үйде мешіт жамағаты ауызашар мен сәресін ұйымдастырды.
– «Қадір түні» – жақсы түн. Алла Тағала бұл күнді берекелі түн етті, себебі бұл күнде Құран кәрімді түсіріп, басқа айлардан, күндерден ерекше етті. Бұл күнде садақа беріп, құлшылық қылған пендесіне 83 жыл құлшылық қылған адамның сауабындай Алла тарапынан сансыз сауаптар жазылады. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда асыл дініміздің құндылығын түсініп, Алла үйіне аяқ басқан бауырларымыздың көптігі көңіл қуантады. 
Сондай-ақ, Қадір түнін мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: "Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған"- деп сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген. Жалпы «Қадір» сөзі арабшадан аударғанда «мән-мағына, рақым» дегенді білдіреді. Қадір түнінде сахабалар өмірінен түрлі уағыздар айтып, Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей, - деді аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев
Қасиетті түнде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әмірбек Жәнібеков, "Нұр Мүбәрәк" Египет ислам мәдениеті университетінің тәлім алушысы Ораз Әміреев жиналған жамағатқа адамның рухани дүниесін байытатын түрлі діни әңгімелер айтты.
Құптан және тарауих намаздары оқылғаннан кейін бас имам мен теолог мамандар «Қадір түнінің Қадірі», «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мұғжизалары» жөнінде дәрістер оқыды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кім Қадір түнін, иман келтірген және сауапқа үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, алдыңғы күнәларының барлығы кешіріледі», - деген екен.

Маралбек АМАНТАЕВ, Қаратөбе ауданы