Маусым айының 14-і күні Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақовтың төрағалығымен «Еңбек, әлеуметтік қатынастарды реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі аудандық үш жақты комиссияның кезекті отырысы оздырылды.
Комиссияның күн тәртібіне сай үш мәселе қаралды.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының үшінші кезеңін бекіту туралы» №213 қаулысын жүзеге асыру мақсатында даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлбану Бердіғалиеваның, аудандық орталық аурухана бойынша кәсіподақ ұйымының есебі туралы кәсіподақ ұйымының төрайымы Айсұлу Мұқанбетқалиеваның, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сай «Парыз» конкурсына қатысу жұмыстарын ұйымдастыру туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың хабарламалары тыңдалды. 
Хабарламашылар күн тәртібіндегі мәселелерге орай даму мүмкіндегі шектеулі жандардың кітапханада көрсетілетін қызметтермен жан-жақты қамтылуы туралы, аурухананың кәсіподақ ұйымында атқарылған келелі жұмыстарды, «Парыз» конкурсына байланысты ұйымдастырылған жоспарлы жұмыстарды баяндады.
Комиссия жұмысында комиссия төрағасы Сатқан Ержанұлы, комиссия мүшелері Берікжан Ғарапшиев, Нұрбол Бозов, Гүлнар Мұсаевалар даму мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сұру сапасын арттыру және кәсіподақ ұйымының қызметіне қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын тастады. 
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы