Аудандық мәслихат залында міндетті әлеуметтік – медициналық сақтандыру жөнінде аудан тұрғындарына түсіндіру бағытында аудан әкімі Асхат Шахаров төрағалығымен актив жиналысы өтті.
Медициналық сақтандыру — денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. 
Актив жиналысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқалиев аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып, ауылдық округтерге шығып тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік – медициналық сақтандыру жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігін айтты. 
Аудандық орталық ауруханасының емхана меңгерушісі Румия Есекеева: 
 – Азаматтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады: Біріншісі – базалық пакет, мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді, жедел көмек және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер.
Екінші – бұл қайта құрылған медициналық сақтандыру қорынан көрсетіліетін сақтандыру пакеті. Оған кіретін қызметтер: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек. 
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтаға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емхана дәрігерлеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді,- дейді. 
Сонымен қатар Қаратөбе ауданы бойынша мемлекеттік кірістер 
басқармасының басшысы Абылай Тәжкеновтің айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап дара кәсіпкерлерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі-МӘМС) аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (аудару), ұстап қалу және төлеу міндеттері, сонымен қатар осы міндеттемелерді тиісті салықтық есеп нысандарында көрсету мәселесі туындайды. Жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық түрі келісім шартын жасаған жағдайда, осындай жеке тұлғаның табысынан (бір айлық табыс мөлшерінде аудырымдар мен жарналарды есептеуге алынған, Заңның 29-бабының 6-тармағында белгіленген – 15 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға белгіленген мөлшерлемесі бойынша ұстау қажеттілігіне тоқталды.
Жиын барысында әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру тек қана мемлекет үшін емес, сонымен қатар халықтың мүддесі үшін қажет. Халықтың өзінің денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, көптеген ауруларды алдын ала анықтау, яғни профилактикалау, сонымен қатар денсаулықты жоғары бағалау мәселелері ұғындырылды.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы