Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде қазақтың талантты ақын қызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақ Жайықтың алақанына салып аялаған ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақ Жайықты жырлайды ақын жүрек» атты жыр кеші болып өтті.
Құрмет кешінде алдымен сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров: 
- Поэзия әлеміне Ақұштап Бақтыгерееваның қосқан зор үле¬сі оқырман қауым тарапы¬нан жоғары бағаланып, көп¬ші¬¬ліктің сүйікті ақынына айнал¬ғандығы баршамыз үшін мақтаныш. Ақын шығар¬малары өскелең ұр¬паққа тағылымы мол мұра боп қалары сөзсіз. Құрметті Ақұштап апа, жүрегіңіздің түбінен мөлдір сезім болып, ақ парақ бетіне түскен өлеңдеріңіз халықтың сүйікті әндеріне айналғаны да ақиқат, - деп ақынға жылы лебізін білдіріп, қасиетті Қаратөбе өңіріне келуін құтқа балады. 
Ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева жыр кешін жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімі Асхат Шахаровқа және әдебиетке жанашырлық танытқан азаматтарға алғысын жеткізіп, әйел-ана, отбасы, қыз балалардың тәрбиесі жөніңде сондай-ақ туған жерге сүйспеншілікті жастардың бойына сіңірту туралы тереңнен ой қозғады.
Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, сырымдық Бауыржан Шимерденұлы ақын апасына ақ тілегін арнап, «Таныстыру», «Тамды аруы - 3» өлеңдерін оқып берді.
Кеште өңiрiмiздiң талантты жас айтыскер ақыны Райымбек Өтепов арнау өлеңін айтып, ақын апасына деген iзгi тiлегiн өлеңмен бiлдiрдi.
Туған өлке перзенті, үш жүзден ән оздырған дарынды дала бұлбұлы Мұхитты жырға қосқан Ақұштап ақынның:
Іңкәрлік онда елден ала бөлек,
Даусы да, келбеті де дара дер ек,
Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек,
Мұхитты шырқау үшін дала керек, - деп жырлауы біз бен сіздің рухымызды көтереді.
Кеш жүргізушісі, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директоры, ақын Ертай Бимұханов Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығына тоқталып өткен соң, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. 
Жас әншілер Нұргүл Қабылан «Оралдың ерке самалы», Наргиза Сүлейменова «Мен сені ойлайтынмын», Сәнжан Байтеміров «Жіберілген хат» әндерін шырқап, жас оқырмандар Ажаргүл Әлиева «Сіңіліге сыр», Аяжан Бақытжанова «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Орынғали Ермекқалиев, Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, аудандық мұрағат мекемесінің директоры Нұрзия Соқатова, Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімі Айымгүл Оралқызы құттықтау сөз сөйледі. 
Көрермендер өз тарапынан ақынға сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
Кеш барысында ақынның иығына камзол жабылып, алғыс хат табыс етілді. 
«Ақұштап қарындасымның кеші өте жылы, жып-жинақы кеш болды. Көрерменнің өлеңге деген қошеметі мен ыстық ықыласынан бізде руханиятқа шөлдеу, жан азығына ұмтылыс əлі де бар екендігін ұғындық. Әрдайым осындай сазды әдеби кеш көп болсын деймін» - дейді ауыл ақсақалы Орынғали Ермекқалиев.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы