4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай Қаратөбе аудандық орталық саябағында салтанатты жиын өтті.
Жиынға аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім, мекеме кәсіпорын басшыларымен қатар мемлекеттік қызметшілер сондай-ақ ауыл тұрғындары қатынасты.
Аталмыш жиында ең алдымен Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров: 
– Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып саналады. Ұлттың басты құндылығы ұлттық нышандармен тығыз байланысты. Атап өтер болсақ, Әнұран, Елтаңба, Ту бұл барлығы мемлекеттік рәміздерді айқындаушы күш. Біздің рәміздеріміз халқымыздың тарихын, ұлы еліміздің дәстүрін, ата-бабамыздың, халқымыздың күшін айшықтай түседі, - деді аудан басшысы.
ҚР Мемлекеттік рәміздерінің құрдасы Санжар Мұратов өз сөзінде «Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - Мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар ізгі сезімді адамдардың жан-дүниесіне сіңіріп, ақыл-ой дарытуға қызмет етеді , - деп Мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын, бейнесімен, онда суреттелген құбылыстардың мағынасын ашып, баяндап берді. 
Аудандық мəдениет үйінің өнерпаздары патриоттық бағытта əн шырқады. Шара соңы аудандық жастармен жұмыс жөнідегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен веложорық және спорттық ойындармен жалғасын тапты.
Райымбек АБАЕВ, 
Қаратөбе ауданы