3 маусым күні Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай шағын футбол алаңы және жазғы театрландырылған сахнаның ашылуы өтті.
Алдымен, мереке аясында ашылған қос нысанның лента қию рәсімін аудан əкімі Асхат Шахаровпен бірге ауыл ақсақалдары Ертай Сердалин мен Ешмат Усалимов жүргізді.
Жазғы театрландырылған сахна мен абаттандыру жұмыстарының құрылыс жұмыстарын жеке кәсіпкер Жарқын Тәжіғалиев жүргізді. 
Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімі Асхат Шахаров: 
– Еліміздің барлық өңірінде ҚР Мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдығы аталып өтілуде. Рәміздер күні ұлттық мерекеге айналып, нағыз патриоттық сезімімізді оятатын мереке. Осы мереке аясында қос нысан ашылып, халық игілігіне пайдаланылуға беріліп отыр. Осындай игі істер қолданысқа берілгеннен кейін нысандарды ел болып сақтап қалу басты міндетіміз, - дейді. 
Одан соң Егіндікөл ауылының ақсақалы Ертай Сердалин сөз алып, қос нысанның ашылуымен барша ауылдастарын құттықтап, аудан басшысы Асхат Берлешұлы, Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин мен жеке кәсіпкер Жарқын Серікқалиұлына ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізді. 
Өз кезегінде сөз сөйлеген жеке кәсіпкер Жарқын Тәжіғалиев барша егіндікөлдіктерді айтулы мерекемен құттықтап, «Жасыл желкен» туристік-демалыс лагеріне сый-сыйапат тарту етті. 
Ашылу салтанатынан кейін аудан басшысы Асхат Берлешұлы «Жасыл желкен» туристік-демалыс лагерінің жұмысы мен ауыл сыртындағы бұлақ басына барып, абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты.
ҚР-ның Мемлекеттік рәміздері күнінің 25 жылдығы мерекесіне орай шағын футбол алаңы және жазғы театрландырылған сахнаның ашылуы салтанаты құрметіне аймақтық шағын футбол ойыны оздырылды.
Жарысқа Қаратөбе, Сулыкөл, Қаракөл, Жусандыой, Қоскөл, Егіндікөл ауылдық округтерінен жастар және ұстаздар командалары қатысты.
Ойын қорытындысында «Қаратөбе жастары» құрамасы І орынды, «Жусандыой» жастар құрамасы ІІ орынды, «Қоскөл» жастар құрамасы ІІІ орынды иеленді.
«Егіндікөл» жастар құрамасына аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының атынан сыйлық табысталды. 
Шара соңы Егіндікөл ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы