Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған дарабоз жігіттерді анықтайтын аудандық «Жігіт сұлтаны - 2017» байқауы өз мәресіне жетті.
Қатысушы жігіттер өз кезегінде ұлттық спорт түрлері бойынша І кезеңде бақтарын сынады. Жоба барысында байқауға қатысушылардың жан-жақты біліктілігі және ұлттық дәстүрлерді білу мəдениеті назарға алынды. 
«Тегімді менің сұрасаң...» атты жігіттердің өзін-өзі таныстыруы шартында әрбір сайыскер өздерін әр қилы таныстырып жатты. Бірі әнмен, бірі қара өлеңмен төгілтсе, енді бірі қара сөзге кезек берді. 
Гір тасын көтеру кезеңінде жігіттер қара күш иелері екендіктерін айқын дәлелдеді. Толағай күшті танытқан жігіттер мұнымен ғана шектелмеді. Атап айтсақ, Даурен Бақтыгерей гір тасын 63 мәрте көтеріп, спортқа бейім нағыз қара күш иесі екендігін көрсетті. 
Жігіттер өнеріне жиылған жұрт «Бәрекелді!» десті. 
Таңқалдыру кезеңі бойынша қоскөлдік жігіт Қыдыр Қуандықов тісімен гір тасын көтеріп таңқалдырды. «Тас шайнап, құм түкірген» деген осы болар деген ойға қалдық. 
Тосын сый ретінде келіп халықтың көңілін көтерген Жасулан Ихсанов Экстра шоу " Аль-Азиз көрермендерге сиқырлы шоуын ұсынды. Сиқырдың сырын білу, оның жұмбақ тұстарына бойлау қарапайым халық үшін әрі қызық, әрі құпиясы ашылмайтын тылсым дүниедей әсер берді
Осылайша аудандық "Жігіт сұлтаны" байқауы тәмамдалып, қатысушылар өнерін, білім-білігін сан қырынан саралап, бағалап, бағамдап ақылдаса келе әділқазылар алқасы қорытынды ұпайларын шығарды. 
Сайыс нәтижесі бойынша иық тіресіп белдесіп, сайыстың қай түрінен болса да оқ бойы озық шыққан нағыз ержүрек ұлан Даурен Бақтыгерей (Қаракөл ауылдық округі) бас жүлдені жеңіп алып, аудандық «Жігіт сұлтаны – 2017» иегері атанды. Облыстық кезеңге жолдама алып, басты сыйлық ертоқымға ие болды.
Тақымына арғымақ атты басып, боз кілемде балуандарды шаң қаптырған спорт дүлдүлі Бауыржан Шүрмен (Қаратөбе мектеп-гимназиясы) I орынға ие болды. ІІ орынды Қадыр Қуандықов (Қоскөл ауылдық округі) иеленсе, ІІІ орынды №16 өрт сөндіру бөлімінің сарбазы Мейірбек Тілекқабылов еншіледі. Сұнғат Зайнуллин (Сулыкөл ауылдық округі ) «Бүгінгі күннің батыры» номинациясымен марапатталды.
Маралбек АМАНТАЕВ, 
Қаратөбе ауданы