1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» жобасы аясында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Жадыраған жаздың алғашқы күнімен бірге келетін, әлем бойынша аталып өтетін, яғни 1 маусым – Халықаралық балалар күні. Балалар күні - балаларды қорғау, балалардың қатысуымен өтетін іс-шаралар, балалардың әл-ауқатын жақсарту сынды тіркесті сөздермен мәндес келеді. Міне, осындай мерекелік бағдарлама аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде өткізілді. 
 Мерекелік шарада алғашқы құттықтау сөз кезегін алған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі Айбек Бақытжанұлы:
«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашан сыңғырлаған күлкі тілеймін! Үлкен азамат пен азаматша болып еліміздің болашағына бірге жетейік. 
Биылғы оқу жылында кабинетте 30 бала тәрбиеленіп, түзету сабақтарымен қамтылды. 30 баланың ішінен 11 бала жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларға жолданды. Биыл тағы да балаларымыз 24 шілде мен 4 тамыз аралығында Шалқар көлінің жағалауындағы «Балдәуренге» жазғы демалыс лагеріне барып демалады» - дейді. 
Мерекелік шараға арнайы қатысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық сот төрайымы Бақытгүл Жәңгірова, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Эльдар Амантаев бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар үлестірді.
Одан соң “Әке-ана” әнімен Айзат Сағызбай, “Балаларға арнау” Райымбек Өтепов, “Рақмет, саған ана!” өлең жолдарымен Назира Берік өнер көрсетті.
Мерекелік бағдарлама соңында бүлдіршіндер естелікке суретке түсіп, мерекелік тәтті тағамнан дәм татып, мәз-мейрам болып үйлеріне тарасты.

Айнұр АЙНАШОВА,
Қаратөбе ауданы