Қаратөбе ауданында Шөптікөл ЖОББ мектеп-балабақшасының түлектерінің баршасы бала шақтан болашаққа жолдама алып, алтын ұя мектеппен қошты.
Шөптікөл мектебінің түлектеріне арналған салтанатты «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» жиыны әсем де сазды әуенмен әуелеп, арнайы шарлармен безендірілген. 
Биылғы 2016-2017 оқу жылында мектеп оқушылары көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Осы орайда республикалық, облыстық дәрежеде түрлі сайыстардан озық шыққан мектеп мақтаныштары алаңда сап түзеді.
Салтанатты жиынға мектеп түлектері, ұстаздар қауымы, ата-аналар, бір сөзбен айтқанда, ауыл жұртшылығы қатысты. 
Шараға БҚО бойынша экология департаменті бөлім басшысы Оңат Қамбетов, «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Есенгүл Рабаева қатынасты.
Іс-шараны мектеп директоры Есен Ғұмаров ашып, мектептегі жас түлектердің және ұстаздардың жетістіктерін атап өтіп, озат оқушылар мен білікті ұстаздарға алғыс хаттарын табыстап, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
БҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Оңат Мизамұлы сөз кезегінде білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас¬тары¬мыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді,- деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрніс тапқан білімнің салтанат құруы бөліміне тоқталып өтті.
Ата-аналар тарапынан да жылы лебіздер аз айтылмады.
Мектептегі соңғы қоңырауға арналған қойылым өте шебер ұйымдастырылды. Мектеп бітірушілерді жаңадан мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндердің құттықтауы, түлеп ұшқан жас түлектердің өздерінен кейінгі сыныпқа, мектеп ұясына арнаған арнайы әндері мен билері әсерлі де әдемі болды. Әсіресе, ұшқан ұяға деген сағыныш, қимастық сезімге толы әуендері ұстаздар қауымының көңілін босатты. Түлектердің қолынан самғап ұшқан көгершіндердің қанат қағуы кімді де болса, бейжай қалдырған жоқ.
Соңғы қоңырауды 11-сынып оқушысы Арман Бақытжан мен 1-сынып оқушысы Нұрай Мәжит соқты.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы