Қарақамыс ауылында 25 мамыр күні соңғы қоңырау салтанатынан кейін 1997 жылы мектеп бітірген түлектердің ұйымдастыруымен Көктөбе алаңы басында 21 шақырымдық аламан ат бәйгесі өтті.
Жыл сайын игі дәстүрге айналған шараға 15 сәйгүлік қатыстып, 21 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде бақ сынады.
Ел делебесін қоздырған бәйге қорытындысында бас жүлдені Ғарифолла Орынбасаровтың «Қара қасқа» атты сәйгүлігіне бұйырса, екінші орынды Қайрат Орынбасаровтың «Бурыл қасқа» атты сәйгүлігі иеленді. Жүлделі үшінші орынды Амангелді Мырзағалиевтің «Шәбдар қасқа» атты тұлпарына бұйырды.
Ат бәйгесінен кейін тұрғындар арасында үш шақырымдық жаяу жарыс оздырылып І, ІІ, ІІІ орынды алған Ермұқан Берікқали, Бауыржан Сапаров, Орынбек Аманқұловтарға ақшалай сыйлық табысталды. 
Бірлігі мен татулығы жарасқан елімізде ұлттық болмысымызды көрсететін сайыстардың ұйымдастырылуына себепші болған 1997 жылғы түлектерге Көктөбе алаңынан көңілді тарқасқан ауыл тұрғындарының ризашылығы шексіз.
Шара аясында жанындағы шағын орталыққа 1997 жылғы түлектер атынан бағалы сыйлықтар тарту еттілді.

Райымбек АБАЕВ, 
Қаратөбе ауданы