Бүгін облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің аудандардағы іссапары Қаратөбе ауданында жалғасты. 
Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Қаратөбе ауданындағы арнайы сапарын алдымен Қаратөбе-Орал тас жолы бойында орналасқан аусымына 30 бас ірі қара соятын мал сою қосыны мен 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы жұмыстарымен танысудан бастады. 
Бүгінгі таңда аталмыш нысанға құрылыс жұмыстарын «Қоржын» шаруа қожалығының тапсырысы негізінде «Каспи корпорейшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бас мердігер Азамат Әменов) жүргізу үстінде.
Жобаның жалпы құны 118 млн. теңгені құрайды. 
Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп күтіліп отыр.
Айта кетерлігі, нысан құрылысының қаржы көздерінің 70 пайызын «Халық Банкі» қаржыландырса, 30 пайызы жеке меншік қаржы көзінен қарастырылған.
Аудан халқын сапалы мал өнімі етпен қамтамасыз етуде зор маңызға ие нысан құрылысының жай-күйімен танысқан облыс басшысы Алтай Сейдірұлы:
- Қазіргі таңда мал сою жұмыстары ветеринарлық-санитарлық талапқа сай жүргізілуі тиіс. Кез келген жерде мал соя салудың заманы қалып барады. Сол себепті алдағы уақытта жұмыс жүргізгелі отырған кешеннің берері көп болсын. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, - деді. 
Одан соң өңір басшысы Алтай Сейдірұлы бастаған топ аудан орталығында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырған автокөліктерге газ құю стансасына барды.
«Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқалы отырған жобаға 19,2 млн теңге қаражат қарастырылған. 
Бұл жұмыстардың бас мердігері – «Тілектес-Құрылыс» ЖШС (директоры Көбеген Оразов). 
Нақ осы орында өңір басшысы А.Көлгінов аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ асты. 
 Ағымдағы жылы аудан орталығында салынғалы отырған тұрғын үй құрылыстарының орнында болған облыс басшысы Алтай Көлгінов тұрғын үй мәселесін алдыңғы кезекке қою маңыздылығын алға тартты.
Биылғы жылы аудан орталығында 22 пәтер салынбақ. Күні бүгінге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген.
Оның сыртында Елбасымыздың қолдауымен өмірге келген «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданда кезекте тұрған 87 тұрғынға жер телімдері беріле бастайды.
Өңір басшысы аялдаған нысанның бірі – аудандық орталық аурухананың шаруашылық бөлімі.
Орталық аурухананың шаруашылық бөлімінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысқан А.Көлгінов өзіндік ой-пікірін де ортаға салды.
Аудан орталығынан кейін өңір басшысы А.Көлгінов Сулыкөл ауылдық округіне аялдап, округтегі «Ақылбек» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруашылықтың болашақ жоба-жоспарларымен ой бөлісті.
2007 жылы құрылған қожалықта (жетекшісі Қайырболды Сәрсенғалиев) 120 бас мүйізді ірі қара бар, оның ішінде 90 басы аналық мал басын құрайды. Оның сыртында 35 жылқы, 150 қой малы бағылады.
Тұрғын үймен, қажетті техникалармен толыққанды қамтамасыз етілген шаруашылықта 4 жұмысшы қызмет етеді. 
 Қожалық басшылығы болашақта мал басын асылдандыру ісін қолға алуды жоспарлап та қойған.
Тап осы тұста округтің еңбеккерлерімен кездесіп, олардың кәсіптері жөнінде толыққанды ақпарат алған өңір басшысы А.Көлгінов округтегі қожалық жетекшілері жұмыстарына оң бағасын берді.
Бұдан әрі облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Қаратөбе ауданы су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барды.
Қазіргі уақытта Үшана ауылынан басталған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру, жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейді. 
Бастапқы қаржы – 180 млн. Ал, жобаның жалпы құны 900 млн. қаражатты құрайды. 
Бүгінде құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтар да тартылған. Қарапайым жұмысшыларға күніне 1500-3000 теңге, арнайы жұмысшыларға 2000-4000 теңге төленеді. 
Бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС (бас директор Мұратбек Мұхамбедиев) жүргізіп отырған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары бойынша Қаратөбе ауылынан Үшана ауылына дейінгі аралықта су құбыры тартылады. 
Жалпы ұзындығы 54 шақырымға жуықтайтын жоба негізінде Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарына таза да сапалы ауыз су жеткізілетін болады. Құрылыс мерзімі 9 ай аралықты қамтиды.
Үшана ауылындағы ұлағат ұясының ауласында жергілікті тұрғындармен емен-жарқын дидарласқан облыс басшысына ауыл ақсақалдар кезекпе-кезек алғыстарын жаудырды.
Ауыл халқының арман-тілегінің орындалуына қолдау білдірген өңір басшысына алғашқылардың бірі болып алғысын жеткізген ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы:
- Су – тіршілік көзі. Сусыз өмір жоқ. Біздің өміріміз табиғатпен тікелей байланысты. Табиғат байлығы сапалы ауыз судың осы уақыттар аралығында түйінді мәселе боп келгендігі жасырын емес. Енді міне, біз арман еткен мәселенің таяу аралықта оң шешімін табатындығына көзіміз әбден жетіп отыр. Бұл мәселесінің оңтайлы шешілуіне бірден-бір қолдау көрсеткен өзіңіз болатынсыз, Алтай Сейдірұлы. Сол себепті Сізге ауыл халқы атынан алғысымды жеткізгім келеді, - деді.
Сонымен қатар, сапар шеңберінде Б.Аманшин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен ауылдағы дәрігерлік бөлімшеде болған өңір басшысы білім беру мен денсаулық сақтау саласы бойынша жасалынып жатырған жұмыстардың нәтижелілігіне риза болды. 
 Сапар барысында облыс басшысы Алтай Көлгіновпен бірге облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров, облыстық басқарма басшылары, т.б. лауазымды тұлғалар болды.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы