Бүгін Қаратөбе аудандық жергілікті полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі» айлығы өткізілді.
Айлық барысында «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары, сондай-ақ жергілікті полиция қызметкерлері балалардың өмірі қауіпсіздігінің алдын алу бағытында жолда жүру ережелері түсіндірілген ақпараттық парақшаларды көрсетіп, олардың мазмұнымен таныстырып, отбасы мүшелеріне де айта жүруге кеңес берді.
Ішкі істер бөлімінің жол және техникаларды қадағалау тобының аға мемлекеттік автоинспекторы полиция капитаны Айбек Арсенов балалардың қатысуымен болған бірнеше қайғылы жол-көлік оқиғасын мысал ретінде келтіре отырып, оқушы балаларға жолда жүру ережелерін мұқият сақтауға, жолдан өткенде арнайы орындардан өтіп, көлікке отырғанда сақтандыру белдіктерін тағуды ұмытпауға кеңес берді.
Шара аясында оқушылармен бірге жолдағы көліктерді тоқтатып парақшалар таратты.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы