19 мамыр күні Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында республикалық «Қазақконцерт» өнер ұжымының «Сәлем саған, Ақжайық!» атты ән кеші өтті.
Алдымен, сахна төріне өнер көшін бастап келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев көтеріліп, қара домбыраның сүйемелдеуімен «Анадан асыл бар ма екен?!..», «Жайлауда», «Ән-қалқа» әндерін шырқаса, эстрада жанрындағы «Менің дағы бір аққуым бар шығар?», «Сен мені сағындың ба?», «Айхой, жиырма бес» әндерін шырқап, сазды сағынышын жеткізді.
Өнер сапарымен келген ағамыз киелі Қаратөбе жерінде осыдан 25 жыл бұрын болған. «Тойған жерге тоғыз кел» демекші, әлі талай киелі сахнада жүздесетіндігін жеткізіп, шығармашылық жолындағы қызықты оқиғаларды əңгімеге арқау етті. 
Кеш аясында Алтынбек Қоразбаевтың жетегінде жүрген шәкірттері, өнерлі жас жігіттер «Меломен» тобы қаратөбелік өнер сүйер тыңдармандарды әсем де сазды әндерімен баурап алды.
Кеште «О, махаббат!», «Періште», «Лаулаймын», «Ұзату», «Сүйгенім бол!» т.б. сынды əндерін əуелете шырқап, көрермен жүрегіне жол тапты.
Концерт түйінін А.Қоразбаев пен «Меломен» тобы «Әке мен бала» әнімен қорытындылады.
Үш жүзден ән оздырған Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиевтей талай жезтаңдай әншілерді дүниеге әкелген қасиетті Қаратөбе еліне сапарлаған өнер ұжымының құрамында көркем сөз оқу шебері конферансье, кеш жүргізушісі Марал Мұхаметқалиева да болды.
Кеш соңында өнер иелеріне аудан әкімі Асхат Шахаров аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, өнер иелеріне ризашылығын білідіріп, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы