Бүгін аудан әкімі Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстарымен танысты.
Көптен бергі жергілікті халықтың арман-тілегі боп келген күрделі мәселенің шешілуі мен жүзеге асуына облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауы зор екендігін түсінген жергілікті халық алғыстарын да жаудырды. 
Алдымен, Үшана ауылына сапарлаған аудан басшысы А.Берлешұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, олар қойған сауалдарға жауап қайтарды.
- Су мәселесі өткен жылы өз шешімін тауып, республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Бастапқы қаржы - 180 млн. Ал, жобаның жалпы құны 900 млн қаражатты құрайды.
Бүгінгі Үшана ауылынан басталған игілікті іс ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру, жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатына негізделіп отыр. 
 Мердігерлер өз жұмыстарын бастады. Оларға халық болып, көмек көрсетейік. Жергілікті тұрғындарға жаңадан жұмыс көздері де ашылады. Қарапайым жұмысшыларға 1500-3000 теңге, арнайы жұмысшыларға 2000-4000 теңге күніне төленетін болады. 
Елге сапалы да таза судың келуін – береке-байлықтың, ырыстың келуі деп қабылдаған жөн. Өйткені, су – тіршілік көзі. Сусыз адам ғұмыры болмақ емес. Осы мақсатта ел қажеттілігіне пайдаға асар ізгілікті іс ұзағынан сүйіндірсін! – деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы.
Бөлімше бастығы Омар Төлеуішевтің айтуынша, бүгінгі таңда Үшана ауылында басталып отырған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысының бас мердігері «KazConstructionGroup» ЖШС (бас директор Мұратбек Мұхамбедиев.) 
Негізінен алғанда, жобаның құны миллиардқа жуық қаражатты құрайды. Және де бұл жоба бойынша Қаратөбе ауылынан Үшана ауылына дейінгі аралықта су құбыры тартылады. Жалпы ұзындығы 54 шақырымға жуықтайды. 
Жоба бойынша Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарына таза да сапалы ауыз су жеткізіледі. Бүкіл қолданыстағы құрылыс материалдардың басым бөлігі – отандық өнімдер.
Айта кетерлігі, құрылыс мерзімі 9 ай аралықты қамтиды.
Қазіргі таңда Үшана ауылында басталған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 15-20 адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр.
Кездесу барысында сөз алған ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы ауыл халқы атынан үлкен тебіреніспен ризашылық сезімін білдірді. 
- «Мерейлі іс – жақсылықтың бастамасы» дегендей, ауылымыздың отырықшылануына, тұрақтануына болашаққа бағдар ретіндегі Елбасымыздың рухани жаңғыруына сай келіп тұрған бұл шараны игілікті іс деп түсінеміз. 
Біз, ауыл халқы болашақта осы мердігерлермен бірлесіп, ауыл ішінде істің жылдам жүргізілуіне, уақытылы аяқталуына, ауыл халқына таза да сапалы ауыз суының келуіне, пайдалануына атсалысатын боламыз. 
Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын көп жылдар бойы төзімділікпен, шыдамдылықпен жақсылыққа балап күтіп, енді қолымызды жеткізгелі тұрмыз. 
 Бұл бастаманы ауыл халқы сенімді серік етіп, 21 жыл күтті. Міне, бүгін көптен күткен тілегіміз орындалып, игілікті істің алғашқы жұмыстары басталып, көңілімізге қуаныш ұялап отыр.
Алла тағала ойымызды жүзеге асыртуға жазсын. Осы орайда, облыс, аудан басшылығына үлкен қолдау білдіргендігі үшін ризашылығымызды білдіреміз, - дейді Үшана ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы. 
Түс мезгілінде дала төсінде игілікті істің басталуына орай қой малы сойылып, ауыл ақсақалы, зейнеткер ұстаз Аман Жүсіпқалиұлы құран оқыды. 
Сапар барысында аудан басшысы Асхат Шахаровпен бірге «KazConstructionGroup» ЖШС бас директор Мұратбек Мұхамбедиев, аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абат Көбенов, Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса т.б. болды.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы