Кеше Қалдығайты өзені жағалауында облыстық «Табиғат ескерткіштері» стационарлық-экологиялық экспедициясының ашылу салтанаты өтті.
Экспедицияға Орал қаласы және облыс аудандарынан 10 команда қатысып отыр. 
Аталмыш жоба бойынша экспедиция жұмысы сәуір айының 10-12 күндері аралығында Қалдығайты өзенінің жағалауында өтеді.
«Табиғат ескерткіштері» экологиялық экспедициясының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров:
- Атам қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Күні кеше ғана еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асырудамыз, - деп қасиетті Қаратөбе жеріне табан тіреген командаларға сәттілік тіледі.
Одан соң облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин сөз алып, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, білім беру саласы шеңберінде мектепке дейінгі кезеңнен бастап балалық шақтан туризм түрлерімен айналысу керектігін назарға салды.
Салтанатты шарадан соң аудан әкімі Асхат Берлешұлы облыстан келген меймандармен бірге командалардың тұрақтарын аралап, далалық жағдайдағы тұрмыстарымен танысты. 
Шара аясында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Мұхит жастары» ЖҚБ мүшелері қатысушы командалардың көңілін көтеріп, түрлі ойындар жүргізіп, мәдениет үйі қызметкерлері әннен шашу шашты. 
Күн ұясы батқан соң барлық қатысушы командалар алау басына жиналып, аудан басшысына сауалдарын жолдады.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы