Бүгінгі Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесіне арналған бағдарлама Қаратөбе ауданына қарасты Жусандыой ауылдық округінде оздырылған дала қызықтарымен жалғасын тапты.
Дала қызықтарын тамашалауға келген аудан әкімі Асхат Шахаров ауыл тұрғындарын Жеңіс мерекесімен құттықтап, Жусандыой ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Фазыл Ихсановты мерекеге орай құттықтап, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасыры Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, облыс әкімі Алтай Көлгінов пен «Uniserv» компаниясының құттықтаулары мен мерекелік сыйлықтарын табыстады. 
Өз кезегінде сөз алған Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев те ауыл тұрғындары мен қонақтарын Жеңіс мерекесімен құттықтап, ардагерлерге естелік сыйлықтар табыстап, Ұлы Отан соғысының ардагері Ф.Ихсановқа ауыл халқы атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Дала қызықтары шеңберінде оздырылған аламан бәйгеге 15 сәйгүлік қосылып, 20 шақырымдық жолды айналып өтті. 
Ел делебесін қоздырған аламанда Көздіқара ауылынан Серік Мүтиевтің «Тауторы» атты сәйгүлігі бас бәйгені, Соналы ауылынан Сансызбай Көптілеуовтің «Торы ат» сәйгүлігі ІІ орынды иеленді. ІІІ орын бұлдыртылық Аман Қожағұловтың «Тұмар» атты сәйгүлігіне бұйырды. Оларға тоңазытқыш, түрлі түсті теледидар, кілем сынды сыйлықтар тарту етілді.
4 шақырымдық тай жарысына 5 тай қатысты. І орынды жусандыойлық Нұрлан Сисенғалиевтің «Сұркөжегі», ІІ орынды Манарбек Жұмабековтің «Тарланы» иеленсе, ІІІ орын Мұратқали Кəрімовтің «Қанкүреңіне» бұйырды. 
 Сонымен қатар, ұзақ қашықтыққа жүгіру оздырылып, боз кілемде палуандар белдесіп, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар той көрігін қыздырды. 
Жаяу жарыста жусандыойлық Бекзат Бауыржанов алдына жан салмады. 
Қазақ күресі бойынша Бауыржан Шүрмен «түйе палуан» атанса, арқан тартыста Саралжын ауылының командасы топтан озды. Ал, гір тасын көтеруде қаратөбелік Асан Дошимов мықтылық танытып, алға озды. Қой көтеру жарысында Мағжан Серіков қой малын 50 рет көтеріп, түлікті еншісіне байлап, олжаға кенелді. 
Мерекелік алаңда ақшаңқан киіз үй тігіліп, ардагерлер құрметіне орай дастарқан жайылды.
Райымбек АБАЕВ,
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы
Жусандыой ауылы